❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

ӨКІЛЕТТІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ ЖАЗҒЫ МЕКТЕП ҚАТЫСУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

  • 17.07.2026
  • KZ
  • 27

image

Түркияға жазғы мектепке барған студенттеріміз оқу орнымыздың Анкарадағы бас кеңсесінде Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшекпен кездесті. 

Кездесу барысында сөз сөйлеген Өкілетті Кеңес төрағасы  Мұхиттин Шимшек  университетіміздің түркі әлемін біріктірудегі ерекше рөліне тоқталды. Ортақ тарих пен мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп өскен жастардың болашақта өз елдері арасындағы берік байланысты нығайтатын тұлғалар болатынын атап өтті. 

«Қожа Ахмет Ясауидің тағылымымен тәрбиеленіп жатқан сіздер – түркі дүниесінің ең үлкен байлығысыздар. Бұл жазғы мектеп тек академиялық бағдарлама ғана емес, сонымен қатар ортақ болашағымыздың, бауырластығымыздың және бірлігіміздің негізі қаланатын маңызды кездесу. Осында қалыптасқан достық пен алған білімдеріңізді өз елдеріңізге апарып, түркі әлемінің ықпалдастығына зор үлес қосатындарыңызға сенемін», - деді.

Жылы әрі еркін форматта өткен кездесуде студенттер Түркияда болған уақыт ішінде жинаған тәжірибелері және академиялық жетістіктері туралы айтты. Бағдарламаның алғашқы кезеңі болған Чанаккале, Бурса сынды тарихи қалаларға мәдени сапардан алған әсерлерін, сондай-ақ алдағы академиялық дәрістердің өздеріне берер мүмкіндіктерін ерекше атап өтті. 

Жазғы мектеп қатысушылары керемет мүмкіндік ұсынып, қолдау көрсеткен университет басшылығына алғыстарын білдірді.

Кездесу соңында профессор Мұхиттин Шимшек студенттерге сәттілік тілеп, естелік суретке түсіп, арнайы сыйлықтар табыс етті.