❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

УНИВЕРСИТЕТ МАМАНДАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БОЙЫНША ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

  • 23.07.2026
  • KZ
  • 81

image

Оқу ордамызда «Заң мен тәртіп» концепциясы аясында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлеріне арналған «Мемлекеттік қызметте жасанды интеллектті қауіпсіз және тиімді қолдану» тақырыбында семинар өтті.

Жиынға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департамент басшысының орынбасары Диас Сулейменов бастаған департамент қызметкерлері мен оқу орда басшылығы қатысты.

Іс-шара барысында университеттің цифрлық офицері Абылай Тастанбеков жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік қызметте қауіпсіз әрі тиімді пайдаланудың негізгі қағидаларын түсіндірді. AI құралдарының мүмкіндіктері мен шектеулеріне тоқталып, дербес, қызметтік және құпия ақпараттың қауіпсіздігін сақтаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жасанды интеллекттің шешім қабылдайтын құрал емес, қызметкердің жұмысын жеңілдететін көмекші құрал екенін айтты.

Оқу барысында қатысушылар тиімді промпт құрастыру, ресми құжаттар мен хаттардың жобасын әзірлеу, көлемді құжаттарды талдау және қорытындылау, статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу, басқарушылық есептер дайындау, презентация құрылымын жасау және жасанды интеллект ұсынған ақпараттың шынайылығын тексеру тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгерді.

Семинар соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, жасанды интеллект құралдарын мемлекеттік қызметте қауіпсіз, тиімді әрі жауапкершілікпен қолдану жөнінде пікір алмасты.