❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

СТУДЕНТТЕРІМІЗ ТҮРКИЯДАҒЫ ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТІ СӘТТІ АЯҚТАДЫ

  • 24.07.2026
  • KZ
  • 14

image

Оқу ордамыздың жылдағы дәстүріне айналған Түркия Республикасындағы «Жазғы мектеп» бағдарламасы өз мәресіне жетті.

Он күнге созылған тағылымды сапар барысында университетіміздің 40 студенті Түркия Республикасының Бурса, Чанаккале, Балыкесір, Анкара, Невшехир, Болу және Стамбул қалаларында болып, бауырлас елдің тарихымен, мәдениетімен және білім беру жүйесімен танысты. 

Бағдарлама аясында студенттер Чанаккале шейіттер мемориалы, Анадолы өркениетінің тарихи орындары, Анытқабір, Абант көлі, Айя София, Топқапы және Долмабахче сарайлары, Галата мұнарасы сынды тарихи-мәдени нысандарды аралап, Түркияның бай мәдени мұрасын жақыннан таныды.

Сонымен қатар жазғы мектеп барысында қатысушылар университетіміздің Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор Мұхиттин Шимшекпен және Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі қызметін атқарған профессор, доктор Нәби Авджымен кездесіп, түркі дүниесінің бірлігі, жастардың рөлі және білім мен ғылымның маңызы жөнінде тағылымды пікір алмасты.

Жазғы мектеп бағдарламасы студенттердің тарихи-танымдық көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен рухани мұрасын тереңірек тануына, халықаралық достық байланыстарын нығайтуына мүмкіндік берді.

Айта кетейік, Өкілетті Кеңестің қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жазғы мектеп бағдарламасы – студенттердің академиялық, мәдени және тұлғалық дамуына бағытталған маңызды халықаралық жобалардың бірі.

Түркиядағы тағылымды сапарын сәтті аяқтаған студенттеріміз мол тәжірибе мен жаңа білім жинап, елге оралды.