Оқу ордамызда Түркістан облысы, Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан «ТЭЦ-5-ті көмірден газға көшіру және оның қуатын ұлғайту» жобасы негізінде концультациялық кездесу өтті.
Жиынды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің тапсырмасы аясында университетіміздің Ғылым департаменті, KPMG компаниясы және Азия даму банкі бірлесе ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – жобаның ықтимал әлеуметтік және экологиялық әсерлерін талқылау. Сондай-ақ, университеттің ғылыми қауымдастығының сараптамалық пікірлері мен ұсыныстарын жинақтау.
Кездесуге жобаның аға координаторы Азия Даму Банкі өкілі Кенжехан Абуов, Энергетика жөніндегі аға маманы Меутия Чаерани, Климаттың өзгеруі жөніндегі маман Свати Дсоуза және KPMG Tax and Advisory Инвестициялар және капитал нарықтары бөлімінің аға консультанттары Ержан Ильяшев пен Гулайым Машрап, сондай-ақ Экология жөніндегі жетекші консультант Викрант Ванкхеде өзге де сарапшылар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдары қатысты.
Жиынның модераторы Ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректор Айнаш Ошибаева болды.
Одан әрі KPMG компаниясы өкілдері «Түркістан облысы, Кентау қаласындағы ТЭЦ-5-ті көмірден газға көшіру және оның қуатын ұлғайту» жобасы бойынша таныстырылым жасады.
Кездесу барысында негізгі мүдделі тараптар университетіміздің ғалымдары мен сарапшыларының Қазақстанның декарбонизация, энергетикалық қауіпсіздік және орнықты экономикалық даму жөніндегі пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Себебі, жобаның ықтимал әлеуметтік және экологиялық әсерлерін бағалау шеңберінде бірқатар мәселелерді қарастырды.
Тараптар жоба туралы тың ақпараттар мен ұсыныстарға байланысты пікір алмасқан соң, жобаны іске асырудың ғылыми және практикалық қырларын кеңінен талқылады. Сала мамандары жобаны іске асыруға қатысты тәжірибелерін бөлісті.
Сонымен қатар, келген қонақтар университеттің білім беру бағдарламалары мен ғылыми әлеуетіне қызығушылық танытты. Оқу ордамызға қатысты көкейкесті сұрақтарын қойып, жаратылыстану бағытын жан-жақты зерттеп, зерделеді.
Осылайша, жиын соңында жоба өкілдері университет зертханаларын аралап, ғылыми инфрақұрылым жұмысымен танысты.