❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ РЕЗИДЕНТУРА ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

  • 06.08.2026
  • KZ
  • 58

image

Бүгін университетімізде Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінің резидентура білім беру бағдарламаларын табысты аяқтаған түлектерге диплом табыстау кеші өтті.

Салтанатты кешке университет ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректоры Айнаш Ошибаева және медицина ғылымының профессор-оқытушылар құрамы, факультет ұжымы, түлектер және олардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Шараны университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова ашып, резидентура түлектерін өмірлеріндегі маңызды бір белесті бағындыруымен құттықтады. 

Ол өз сөзінде: «Дәрігер - қоғам алдында жауапкершілігі өте жоғары мамандық. Нағыз дәрігер өмір бойы оқиды, ізденеді, жаңа технологияларды меңгереді. Алған білімдеріңізді ел игілігі жолында жұмсап, кәсіби біліктіліктеріңізді үздіксіз жетілдіріңіздер. Үнемі ізденіс үстінде жүріңіздер! Болашақта сіздердің медицина саласында білікті дәрігер ретінде қызмет атқаратындарыңызға сенемін», - деп тілектестік білдірді.

Келесі кезекте Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев та сөз кезегін алып, диплом иелеріне ізгі тілегін арнады. 

Сондай-ақ, университетіміздің Ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректоры, медицина ғылымдарының кандидаты Айнаш Ошибаева және Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінің деканы Жанар Жағыпарова құттықтау сөз сөйлеп, жас мамандарға ақ жол тіледі.

Салтанатты кеш барысында резиденттердің кәсіби даярлығына және оқу үдерісінің сапалы ұйымдастырылуына үлес қосқан профессор-оқытушылар мен факультет қызметкерлерін арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Айта кетейік, биыл университетіміздің резидентура білім беру бағдарламасы аллергология және иммунология, анестезиология және реанимация, акушерия және гинекология, гастроэнтерология, ересектер онкологиясы, инфекциялық аурулар, неврология, педиатрия, радиология, ревматология, физикалық медицина және оңалту, эндокринология бағыттары бойынша тәмамдаған 200-ден аса түлекке диплом табысталды.

Шара кезінде жас дәрігерлер Қазақстан Республикасы медицина қызметкерінің кәсіби антын қабылдады. Бұл рәсім олардың адам өмірі мен денсаулығын қорғауға адал қызмет етуге дайын екенін көрсетті.

Осылайша, университетіміздің резидентура түлектері кәсіби білімдерін сәтті аяқтап, денсаулық сақтау саласында қызмет ететін білікті маман ретінде жаңа өмір жолына қадам басты. 

Барша түлектерімізге кәсіби қызметтерінде толағай табыс, абырой және биік белестерді бағындыратын күш қайрат тілейміз.