ТАНЫМАЛ ТҮРІК БЛОГЕРІ СЕДАТ ЧИЧЕК УНИВЕРСИТЕТІМІЗГЕ АРНАЙЫ КЕЛДІ
Түркияның танымал блогері, түркі әлемі мен қазақ-түрік байланыстарын кеңінен насихаттап жүрген Седат Чичек оқу ордамызға арнайы келді.
Құрметті қонақты ректор Жанар Темірбекова қарсы алып, оқу ордамызбен таныстырды.
Кездесу барысында Седат Чичек қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында жүргізіп жүрген блогтары туралы айтып өтті.
Ол Қазақстанға сапарының негізгі мақсаты – қазақ халқының мәдениеті мен тарихи мұрасын жақынырақ танып, оны түрік аудиториясына кеңінен жеткізу екенін де тілге тиек етті.
Түрік блогері екі халықтың арасындағы тарихи тамырластыққа да ерекше тоқталды. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл достық пен бауырластықтың бүгінгі таңда білім, ғылым, мәдениет және ақпараттық кеңістікте жаңа мазмұнмен жалғасқанын жеткізді.
Өз кезегінде ректор Жанар Темірбекова қонаққа университеттің тарихы мен бүгіні туралы кеңінен баяндады. Оқу ордамызда жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламалары, ғылым мен халықаралық байланыстар, студенттерге жасалған мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берді.
Ректор оқу ордамыздың Қазақстан мен Түркияныңқолдауымен құрылғанын атап өтіп, екі елдің білім беру жүйесін тоғыстыратын бірегей университет ретінде қалыптасқанын жеткізді. Осы ретте қазір құжат қабылдау науқаны жүріп жатқан Түркия Республикасынан жыл сайын бөлінетін 500 квотаның маңызын баяндады.
Кездесуде Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен оның ұстазы Арыстан бабқа қатысты тарихи деректер де сөз болды. Ректор Ясауи мен Арыстан баб арасындағы ұстаз бен шәкірт сабақтастығы түркі дүниесіндегі рухани тәрбиенің маңызды үлгісіне айналғанын, әрі бұл құндылықтардың бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін атап өтті.
Әңгіме барысында Қазақстан мен Түркияның ортақ тарихи тамыры, тілдік және мәдени ұқсастықтары, дәстүр сабақтастығын да сөз болды. Сондай-ақ, екі елдегі жоғары білім беру жүйесінің ерекшеліктері, академиялық ұтқырлық, мамандар даярлау және университет түлектерінің қоғамдағы орны жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында ректор Жанар Темірбекова Седат Чичекке естелік сый-сияпаттар табыстады.
Басқосудан соң, Седат Чичек оқу ордамыз жайлы арнайы түсірілім жүргізді.