❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫ: ҚҰҚЫҚ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖӘНЕ МҮМКІНДІК»

  • 18.08.2026
  • KZ
  • 61

image
Бүгін оқу ордамыздың коворкинг аймағында «Жаңа Қазақстан жастары: құқық, жауапкершілік және мүмкіндік» тақырыбында маңызды жиын өтті.
Шараға университет ректоры Жанар Темірбекова, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов, Жастар орталығы департаментінің өкілдері мен белсенді студенттер қатысты.
Жиынның басты мақсаты — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда жарық көрген «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» таңдаулы сөздер жинағын талқылау. Сондай-ақ кітаптағы құнды ойларды студенттердің өмірлік жолсерігіне айналдыруға ықпал ету.
Шара барысында сөз алған университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова жаңа басылымның мазмұнына тоқталып, оның жастар үшін маңызын атап өтті.
«2026 жылдың тамыз айының алғашқы аптасында Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы жарық көрді. Кітаптың негізгі құрылымы өте әдемі. Мәселен, біздің оқу орны «халықаралық»университет болғандықтан, маған Президенттің әсіресе Яссауи бабамыздың мұрасы жайында жазған қанатты сөздері ерекше ұнады.
Университет кітапханасында бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының халықаралық саясат саласына бағытталған еңбегі бар еді. Міне, мынау «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы кітапхана қорына қосылып отырған екінші кітап. Жинақтың PDF форматы да оқуға қолжетімді.
Президенттің басты ұстанымдарының бірі — «Әділетті Қазақстан» мен «Заң мен тәртіп». Не үшін біз үнемі бұл құндылықтарға басымдық береміз? Кітап мазмұнына үңіліп, тарауларын егжей-тегжейлі оқысаңыздар, оның терең мәнін ұғасыздар. Осы кітап баршаңыздың сенімді жолсеріктеріңізге айналсын!»,-деді.
Осылайша жаңа басылымның жастар үшін мән-маңызына тоқталды. Студенттерге жаңа жинақты оқып қана қоймай, оны талдап талқылауға кеңес берді.
Сондықтан студент жастар жиынды әрі қарай пікірталас форматында жалғастырды. «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын өзара ой талқыға салды.
Шараға жиналған белсенді студенттер Президент еңбегін қайта оқып, ондағы идеяларды зерттеп-зерделеудің, әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын бойға сіңірудің қаншалықты маңызды екенін түсінді. Заң үстемдігі, отаншылдық және рухани сабақтастық мәселелері төңірегіндегі кітаптардың көп болуы ел ісіне араласуда көшбасшы болуға бағытталған көмекші құрал екенін анық аңғарды.
Жиын қорытындысында қатысушылар жастардың ел дамуына белсенді араласуы, заң мен тәртіп қағидаттарын құрметтеуі және ұлттық құндылықтарды дәріптеуі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі екенін айрықша атап өтті.