❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯ СТУДЕНТТЕРІМІЗГЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ҰСЫНАДЫ

  • 19.08.2026
  • KZ
  • 81

image

Оқу ордамызға Қытайдан  «SAURAN SOLAR POWER» компаниясының өкілдері арнайы келді. Қонақтар ректор Жанар Темірбековамен кездесті. 

Басты мақсат –  Инженерия факультеті студенттері мен түлектеріне өндірістік іс-тәжірибе мен тағылымдамадан өтуге және компанияның ірі энергетикалық жобаларына жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасау мәселелерін талқылау. 

Тараптар басқосуда студенттердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыру, жас инженерлерді нақты жобаларға тарту және еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды бірлесіп даярлау бағыттарын қарастырды. Компания өкілдері Қазақстанда жүзеге асыратын ауқымды жобалары аясында жергілікті кадрларға басымдық берілетінін атап өтті. 

Келесі кезекте, компания өкілдері ұйымның негізгі қызметі электр және су энергетикасы салаларымен байланысты екенін айтты. Компанияның ең ірі жоспарларының қатарында Сауран мен Қарағанды өңірлеріндегі электр, жел энергетикасы станциялары бар. Бұл жобаларға жалпы көлемі 10 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция салу жоспарланған. Сонымен қатар, Түркістан өңірін электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Кездесу барысында «Sauran 300MW Solar Power + Battery Energy Storage Project» жобасы да таныстырылды. Жоба қуаты 300 МВт күн электр станциясын және 90 МВт/360 МВт·сағ аккумуляторлық энергия сақтау жүйесін қамтиды. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін электр желісіне қосу, ал 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Аталған жоба аясындағы кадрлық жоспар да ауқымды. Құрылыс жұмыстарының қарқынды кезеңінде жергілікті мамандар саны 1000-нан астам адамға жетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірдегі жоғары білікті мамандарға, соның ішінде жас инженерлерге жаңа еңбек мүмкіндіктерін ұсынбақ.

Осы тұста, ректор Жанар Темірбекова оқу ордамыздың негізгі миссиясы мен білім беру бағыттарын таныстырды. 

«Студенттеріміздің әлемнің озық компанияларында жұмыс істегенін қалаймыз. Сіздердің Қытайдан арнайы келіп, осындай мүмкіндіктерді ұсынып отырғандарыңызға қуаныштымыз. Өз кезегімізде оқытушыларымыз бен студенттеріміз өз салалары бойынша жаңа мүмкіндіктерге ие болса, біз тек қуанамыз», – деді ректор.

Кездесу қорытындысында тараптар студенттерді өндірістік практикаға қабылдау, тағылымдамадан өткізу, Инженерия факультетінің түлектерін жұмысқа тарту, тәжірибе алмасу және бірлескен кәсіби жобаларды жүзеге асыру бағыттарында өзара ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін білдірді.