❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

2026-2027 ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ №1 СЕНАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

  • 24.08.2026
  • KZ
  • 60

image

Университетімізде 2026-2027 жаңа оқу жылының алғашқы Сенат мәжілісі өтті. Оған Сенат мүшелері, оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.  

Сенатта әуелі, университет ректоры Жанар Темірбекова мен Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мұстафа Гиритлиоглу Филология факультетінің кандидаты, доцент Мақсат Әліпханды 63 жас, Өнер медиа және дизайн факультеті, Орындаушылық өнер кафедрасының аға оқытушысы, ҚР Мәдениет қайраткері Гүльназия Тауекелованы 50 жасымен, сондай-ақ Кітапхана жинақтау және ғылыми өңдеу бөлімінің кітапханашысы Дана Алимованы 50 жас мерейтойымен құттықтады.

Келесі кезекте, Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық кафедрасының аға-оқытушысы Баймұрат Абдукаримовқа «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін және Дене мәдениеті кафедрасының профессоры Жақыпбек Қасымбековке «Еңбек ардагері» медалін табыстады.

Сонымен қатар, Менеджмент және бизнес кафедрасының оқытушысы Алмас Құралбаевқа «Экономика және бизнес» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы берілді. Ал, профессор Тұрсын Хазретәлі Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі ретінде тағайындалды.

Университетіміздің оқытушы- профессорлары Шора Мұсалиұлы, Көпжасар Жетібаев пен Гүлсара Тоққұлова «1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесіне орай Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының арнайы Алғыс хатымен марапатталды.  

Басқосуда күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралды. Ең алдымен, Сенат хатшысы Айман Абибуллақызы 2026-2027 оқу жылындағы Сенат және Басқару Кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу мен Сенаттың 2026-2027 оқу жылындағы жұмыс жоспарын бекіту туралы айтты.

Сондай-ақ, әр түрлі мәселелерде сенат мүшелері Университет ОПҚ-ның құжаттарын ғылыми атақ алу үшін ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне ұсынуға шешім қабылдады.

Сенат отырысында университет ОПҚ-ның дайындаған еңбегін РОӘК-не Гриф алуға ашық онлайн курсын ұсыну және Академиялық департамент тарапынан әзірленген университет ережелеріне өзгеріс енгізу жөніндегі маңызды мәселелер талқыланды.

Бұдан өзге Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова 2025-2026 оқу жылында білімін аяқтай алмаған білім алушылар үшін 2026-2027 оқу жылына жасалған Академиялық күнтізбесін бекіту туралы баяндады.

Сонымен қатар, Инклюзивті білім беруді қолдау орталығының меңгерушісі Гүлсара Тоққұлова орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Әрі жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті.

Сенат соңында ректор Жанар Темірбекова декандық қызмет мерзімі аяқталған Алия Құралбаеваға (Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті), Ермек Сейдахметовке (Спорт факультеті) және Узун Йылмазға (Экономика және басқару факультеті) атқарған адал еңбегі мен жүйелі жұмысы үшін Алғыс хат табыстады.