❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ОҚУ ОРДАМЫЗҒА ЖАҢА ӨКІЛЕТТІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ ПРОФЕССОР, ДОКТОР ХҮСЕЙІН КАРАМАН КЕЛДІ

  • 31.08.2026
  • KZ
  • 124

image

Университетімізге жақында ғана Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Жарлығымен Өкілетті Кеңес төрағасы болып тағайындалған профессор, доктор Хүсейін Караман келді. Жаңа төрағаны университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пейами Баттал қарсы алды.

Айта кетейік, профессор, доктор Хүсейін Караман – жоғары білім беру саласында мол тәжірибесі бар белгілі ғалым, академиялық басқару ісінің білікті маманы.

Өкілетті Кеңес төрағасы іссапарын университетіміздің басшылық құрамымен кездесуден бастады. Басқосуға ректор мен ректор өкілі бастаған вице-ректорлар, факультет декандары мен ҒЗИ директорлары қатысты. 

Жиында сөз бастаған Хүсейін Караман жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуымен құттықтады. Университет үшін жаңа оқу жылы сәтті әрі нәтижелі болатынына сенім білдірді.

«Екі мемлекеттің қолдауымен құрылған оқу ордамыздың дамуына басшылармен бірлесе отырып, өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын. Университеттің алдында тұрған негізгі міндеттер мен ұстанымдар – сапа, аккредитация және интернационалдандыру. Бұл үш бағыт та білім беру ісінде, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, денсаулық сақтау саласында және әлеуметтік жауапкершілікке бағытталған жобаларды жүзеге асыру барысында басымдық беруді талап ететін маңызды тетіктер. Ең алдымен, білім мен ғылымның, оқу ордада атқарылып жатқан барлық жұмыстың сапасын арттыруға мән беруіміз керек. Сонымен қатар, университеттің халықаралық және ұлттық рейтингтердегі көрсеткіштерін одан әрі жоғарылату – маңызды міндетіміз болмақ»,-деді Өкілетті Кеңес төрағасы. 

Келесі кезекте, университеттің басшылық құрамы өздерін таныстырып, еңбек жолдары, қазіргі атқаратын қызметтері мен жауапты бағыттары туралы ақпарат берді. Хүсейін Караман да өзінің кәсіби еңбек жолы мен қызметтік тәжірибесіне тоқталды. 

Сөз кезегін алған ректор Жанар Темірбекова университетімізге Анкарадан 1қыркүйек – Білім күніне орай арнайы келген Өкілетті Кеңес төрағасына алғыс айтты. Төрағаның алдағы ісіне сәттілік тіледі.  

Ректор өкілі Пейами Баттал да төрағаның Ясауи университетіне келуі үлкен қуаныш екенін атап өтті.

Жиын соңында Өкілетті Кеңес төрағасы Хүсейін Караман «Түркістан – түркі жұртының рухани астанасы. Ал, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз, сол түркі жұрты қастерлеген тұлға. Ясауи атын иеленген университетімізге «Ясауи» есімі – үлкен аманат. Біздің міндетіміз – сол аманатты көздің қарашығындай сақтап, абыроймен алып жүру. Осы жолда бірге еңбек етейік»,-деді.

Басқосудан соң, Төраға университет кампустарын аралап көрді. Осылайша, оқу орданың инфрақұрылымы және күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты.