АМЕРИКАЛЫҚ БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМ МАРК ЭЛЛИОТТ УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ АТАНДЫ

  • 06.06.2024
  • KZ

image

3-4 маусым күндері университетімізге қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты халықаралық конференция ұйымдастырды. Маңызды жиынға Гарвард университетінің Халықаралық байланыстар жөніндегі вице-ректоры, профессор, доктор, белгілі қытайтанушы-ғалым Марк Эллиотт арнайы келіп, баяндама оқыды.

Қазақстанға әлемдік жоғары білім және ғылым саласының белді өкілі келгенінен хабардар болған, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин профессор Марк Эллиотты елордаға шақырып, арнайы кездесу ұйымдастырды. Басқосу барысында Гарвард университетінің әлеуеті мен қазақстандық зерттеу институттары, ғылым ордасы, сондай-ақ университіміздің ғалымдары арасында ортақ жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.  

Сонымен қатар, белгілі ғалым Алматы қаласындағы ЖОО және ҚР Ұлттық ғылыми академиясының жұмысымен танысты.

 Ал бүгін профессор Марк Эллиот бастаған Гарвард университетінің делегациясы Алматыдағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен кездесті. Жиынды Еуразия ғылыми-зерттеу институты  ұйымдастырды. 

Кездесудің басты мақсаты – жоғары білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу.

Басқосу барысында университеттер мен институттардың басшылары білім беру жүйесіндегі инновациялар, ғылыми зерттеулердің қаржыландырылуы, халықаралық ынтымақтастық және академиялық алмасу бағдарламалары сияқты маңызды тақырыптарды қозғады. Бұл тақырыптар қазіргі заманғы жоғары білім беру жүйесінде ерекше орын алып, ғылым мен білімді дамытуда маңызды рөл атқарады.  

Гарвард университетінің делегациясына жетекші ғылыми зерттеулер мен білім беру саласындағы тәжірибесі мол профессорлар мен мамандар кірді. Делегация құрамында болған профессор Марк Эллиотт пен басқа да Гарвард өкілдері қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен болашағы туралы пікір алмасты. Олар ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру, студенттер мен оқытушылар арасында академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ бірлескен ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру сияқты мәселелерді талқылады.

Сондай-ақ, екі жақтың өкілдері білім беру жүйесін дамытуда тәжірибе алмасудың және әріптестік байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. Алдағы уақытта қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары Гарвард университетінің алдыңғы қатарлы тәжірибесін өз жүйесіне енгізу арқылы білім сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеруге және халықаралық аренада өз позицияларын нығайтуға мүмкіндік алады.

Бүгінгі кездесу Қазақстан-Америка арасындағы ғылым, білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми және білім беру салаларындағы өзара байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды. Қатысушылар білім беру мен ғылым саласындағы жаһандық үрдістер мен мәселелерді талқылап, болашақтағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі.

Басқосу соныңда университет Сенатының қаулысына сәйкес, білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін доктор Марк К. Эллиоттқа «Құрметті профессор» академиялық атағы берілді. Марапатты оқу орнымыздың  ректоры Жанар Темірбекова табыс етті.