Университетімізге Түркия Республикасының Ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи мен жұбайы Азиме Чифтчи арнайы келді.
Айта кетейік, министр Мустафа Чифтчи елімізге 10 қыркүйек күні Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Ішкі істер министрлерінің III отырысына қатысу мақсатында іссапармен келген. Бұл жиында түркі мемлекеттері арасындағы ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Тараптар трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, терроризм мен есірткі айналымына қарсы іс-қимыл, заңсыз көші-қон және құмар ойындар сияқты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Оқу ордамызға ат басын бұрған құрметті қонақтарды ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пейами Баттал бастаған вице-ректорлар, университет ұжымы қарсы алды.
Қонақтар, ең алдымен, Мәдениет үйіндегі Түркі халықтарының тарихы панорамалық мұражайын тамашалады. Тек тамашалап қана қоймай, қазақ халқы мен түркі жұртына ортақ тарих жөнінде ақпарат алды.
Өнер, медиа және дизайн факультетінің жұлдызы Асылжан Есімхан қонақтарға түрік тілінде арнау арнап, жырдан шашу шашты. Биыл оқуға түскен жас ақын Балнұр Қайратқызы да өнерін паш етіп, жыр шумақтарын арнады. Қазақтың суырып салма ақындық өнеріне тәнті болған қонақтар қошемет көрсетті.
Келесі кезекте, ректор Жанар Темірбекова университетіміз жөнінде кеңінен баяндады. Халықаралық оқу ордамыздың білім беру бағыттары мен ғылым алаңындағы жетістіктері туралы айтты. Түркия мен Қазақстанның білім жолындағы алғашқы ортақ жобаларының бірі болған оқу ордамыздың бай тарихы мен бүгіні, болашаққа құрған жоспарлары жөнінде де атап өтті.
Жиын соңында ректорымыз Түркия Республикасының Ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи мен жұбайы Азиме Чифтчиге университетіміздің атынан сый-сияпаттар табыстады. Ал, министр мен жұбайы қонақжайлықпен қарсы алып, құрмет көрсеткен университет ұжымына ризашылықтарын білдірді.