❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН ВУСОНГ УНИВЕРСИТЕТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫН НЫҒАЙТАДЫ

  • 15.09.2026
  • KZ
  • 9

image

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында оқу орнымыз мен Вусонг университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Осы күндері Мемлекет басшысы Корея Республикасында мемлекеттік сапармен жүр. Сапар бағдарламасында жоғары деңгейдегі келіссөздер, жетекші кореялық компаниялардың басшыларымен кездесулер және «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммитіне қатысу көзделген. Қазақстан мен Корея басшылары кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылайды.

Президенттің мемлекеттік сапары аясында Корея Республикасына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған жоғары оқу орындарының делегациясы да барды. Делегация құрамында университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова бар.

Бүгін Сеул қаласында Қазақстан–Корея дөңгелек үстелі өтті. Шара аясында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі желісі бойынша ғылым, жоғары білім, жасанды интеллект, жоғары технологиялар және мамандар даярлау бағыттарын қамтитын 40-тан астам ведомствоаралық, институционалдық және жоғары оқу орындары арасындағы құжатқа қол қойылды.

Маңызды құжаттар қатарында оқу орнымызға қатысты келісім де бар. Университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова мен Вусонг университетінің басшылығы екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат тараптардың білім беру мен ғылым саласындағы байланыстарын нығайтуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен қатар меморандум білім алушылардың халықаралық академиялық тәжірибе жинақтауына және екі университет арасындағы тікелей кәсіби байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Сеулде өтетін алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде критикалық маңызды минералдар, энергетикалық ресурстар, жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыру, жасанды интеллект, ғылым мен технология және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылады.