УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ СЕРПІН БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША  КӨРМЕ ӨТТІ

  • 10.06.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Түркістан облысының мектеп бітіруші талапкерлеріне «Серпін» бағдарламасы бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын бастады. «Серпін» бағдарламасының грант негізінде білім беру жүйелерімен таныстыру үшін – «Жоғары білім» көрмесі ұйымдастырылды.

Бағдарламаның мақсаты — халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.

Көрмеге  «Серпін» бағдарламасы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған ЖЖОКБҰ тізіміндегі 23 жоғары оқу орны талапкерлерді оқуға шақырды. Еліміздің Солтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық және Ақмола, Қостанай, Семей, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында орналасқан жоғары оқу орындарының өкілдері арнайы келіп, білім беру ерекшеліктері мен мүмкіндіктері, факультеттер мен мамандықтар, оқу ақысы, шәкіртақы мәселелері сияқты маңызды сауалдарға жауап берді. Әр университет өз тарихынан бастап, жастарға ұсынар мол мүмкіндіктерін таныстырды.

Жиында Ғылым және жоғарғы білім министерлігінің кеңесшісі Руслан Емелбаев «Серпін» бағдарламасы мен Ұлттық бірыңғай тестілеу және гранттар жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Айтулы көрмеге Түркістан қаласындағы 39 мектептен 1200-ден астам талапкер қызығушылық танытты. 

Биыл «Серпін» бағдарламасына мемлекеттен 3 903 грант бөлінді. Оның 2500-ден астамы педагогикалық бағытта, 700- ге жуығы инженерия, өңдеу және құрылыс саласына, ал 300-ге жауығы IT-ге, 70-ке жуық грант ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына бөлінген.   

Бағдарламаға енгізілген өзгерістер де бар. Соның бірі – «Серпін» бағдарламасы түлектерінің оқу бітіргесін грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.

Аталған бағдарлама негізінде грант жеңіп алуға: Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Қызылорда өңірлерінің жастары қатыса алады.

Айта кетейік, Түркістан қаласында бастау алған білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы Шардара, Жетісай және Сарыағаш аудандарында 14-маусымға дейін  жалғасады.