ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚАЛДЫҚТАРДЫ АЗАЙТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ



Оқу ордамызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Тұрақты қалдықтарды басқару қалай жүзеге асырылуы тиіс?» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Семинардың мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау және табиғатты қорғау. Сондай-ақ, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Айта кетейік, шараны Дүниежүзілік тазалық күніне орай Экономика және басқару факультеті, Халықаралық қатынастар кафедрасы ұйымдастырды.
Ғылыми семинарға Түркия Республикасы, Чукурова университетінің профессоры, доктор Седат Гүндоғду онлайн қатысып, студенттерге дәріс оқыды.
Лекция барысында ғалым студенттерге тұрақты қалдықтарды басқарудың негізгі қағидаттары мен экологиялық маңызын егжей-тегжейлі баяндады.
Нақтырақ айтқанда, ғалым қазіргі жаһандық экологиялық мәселелер жағдайында қалдықтарды азайту, оларды қайта өңдеу және қоршаған ортаға келетін зиянды әсерді төмендетудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ, қалдықтарды тиімді басқарудың табиғатты қорғау мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін түсіндірді.
Сонымен қатар, баяндамашы Седат Гүндоғду микропластиктердің құрамындағы улы химиялық заттардың қоршаған орта мен адам денсаулығына кері әсері бар екенін атап өтті. Осыған байланысты бір реттік пластик өнімдерін тұтынуды азайтып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Осылайша, дәріс соңында студенттер өзекті тақырыпты зерттеген ғалымға алғыс білдіріп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.