«САХНА ТІЛІ» АТТЫ  ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

  • 11.06.2024
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамызда университетіміз бен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен – «Сахна тілі» жазғы мектебінің ашылу салтанаты өтті.

Айтулы жиынға университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова бастаған басшылық құрам мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова, Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды-драма театрының директоры Арман Алиев және студенттер қатысты. 

Алғашқы сөзді алған университет ректоры Жанар Темірбекова:

«Қазақ елі өнерінің қара шаңырағы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен бірлескен жазғы мектептің басталғанын жақсылыққа балаймыз. Осы орайда, ортақ жобамызды ұйымдастыруға үлкен үлес қосқаны үшін, ең алдымен, ұлағатты ұстазымыз, сахна тілі бойынша Қазақстанда ғана емес, түркі тілдес елдерде де аты аңызға айналған Дариға апайымызға алғыс айтамыз! 

Университеттер арасындағы осындай серіктестіктер мен ынтымақтастық артуы керек. Әсіресе, оның өнер саласымен байланысты болуы - үлкен қуаныш. Бүгін бастау алған жазғы мектебіміз көздеген мақсатына жетеді деп сенеміз»,-деді.

Келесі кезекте, Дариға Тұранқұлова жазғы мектептің өтуіне атсалысқан университетіміз бен Жанар Темірбековаға ризашылығын білдірді.

«Біздің бар еңбегіміз келешек ұрпақ үшін. Өнердің ортасында жүргеннен кейін, жастар бір-бірін көрсін, үйренсін дейміз. Сіздер бізге келсеңіздер, біз сіздерге келіп, студенттер өз жұмыстарын бір-біріне көрсету арқылы болашаққа ұмтылсын!»,-деп, жазғы мектептің маңызын саралады.

Сонымен қатар, сахна тілінің студенттер үшін қажеттілігі мен оларды оқытудың түрлі тәсілдері туралы баяндады. Өнерге енді қадам басқан жас буынның қатесін түзетіп, өз ісінің маманы ретінде дайындаудың қыр-сырын айтты. Студенттерді тәрбиелеудегі темірдей тәртіп пен еңбектің, толассыз ізденіс пен білім алудың маңызына да тоқталды.

Басқосуға арнайы келген Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан және Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды-драма театрының директоры Арман Алиев екі университеттің бастамасына қолдау көрсетіп, болашақ сахна саңлақтары үшін өзара тәжірибе алмасудың маңызы жоғары екенін айтты. 

Ашылу салтанаты талантты жастардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Студенттер сахнада ән шырқап, өлең оқыды. 

Айта кетейік, 15-маусымға дейін жалғасатын жазғы мектепте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова қос университеттің студенттеріне шеберлік сағатын өтеді. Сондай-ақ, екі оқу орданың өнерлі білімгерлері жеке-жеке қойылым қояды.