❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ОКСФОРД УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУ ҮШІН ОҚУ ОРДАМЫЗҒА КЕЛДІ

  • 21.09.2026
  • KZ
  • 9

image

Оқу ордамызда Оксфорд университетінің студенттеріне арналған «Қазақ тілін үйрету бағдарламасы» басталды. Аталған халықаралық жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен университетіміз және Оксфорд университетінің Вольфсон колледжі мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында ұйымдастырылды. 

Басты мақсат – шетелдік студенттерге қазақ тілінің негіздерін үйретіп, практикалық сөйлеу дағдыларын қалыптастыру. Сондай-ақ, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен өнерін, салт-дәстүрі және рухани құндылықтарын таныстыру. Әрі еліміз бен Ұлыбритания арасындағы білім беру, ғылыми және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту. Бұл бастама қазақ тілін Ұлыбританияның академиялық кеңістігінде ілгерілетуге бағытталған «Oxford Birsöz» жобасының практикалық жалғасы саналады. 

Жиынның ашылу салтанатында сөз бастаған Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова: «Құрметті қонақтар, қазақ еліне, киелі Түркістанға қош келдіңіздер! Бұл жоба 2024 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолдауымен бастау алған еді. Енді оқу ордамызда жобаның практикалық жалғасын көргенімізге қуаныштымыз. Оксфордтан арнайы келіп, біздің  ана тілімізге үлкен қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Қазақтың ақыны Абай айтқандай: «Әрбір жаңа тіл – жаңа есік ашады». Қазақ тілі сіздерге Қазақстанның есігін айқара ашты. Еліміздің тілі мен тарихы тереңде жатыр. Оны зерттеу үшін көп уақыт қажет. Осы жолда қызығушылықтарыңыз сөнбесін. Оқуларыңызға сәттілік тілеймінІ»,-деді.  Сондай-ақ, қонақтарға университет атынан арнайы сый-сияпаттар табыстады.   

Бағдарлама барысында шетелдік студенттер қазақ тілінің бастапқы деңгейдегі негізгі құрылымдары мен қолданысын меңгеріп, күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілін қолдану дағдыларын жетілдіреді. Ал, студенттерге оқу ордамыздың білікті оқытушы-профессорлары қазақ тілінен дәріс оқиды. Осылайша, білікті мамандар заманауи оқыту әдістемелері арқылы шетелдік білімгерлердің қазақ тілін практикалық тұрғыда тиімді меңгеруіне жағдай жасайды. 

Айта кетейік, бағдарламаның ғылыми-әдістемелік мазмұнын әзірлеуге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары үлес қосты. Мамандар шетелдік студенттерге қазақ тілін деңгейлік негізде үйретуге арналған оқу-әдістемелік және лингводидактикалық тәсілдер ұсынды.

Халықаралық жобаның жүзеге асуына «Болашақ» бағдарламасының түлектері де үлес қосып отыр. Олардың Оксфорд университетімен орнатқан академиялық байланыстары осы ынтымақтастықтың дамуына жол ашты.

Бағдарлама аясында қазақ тілін үйретуге арналған оқу сабақтарымен қатар, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын таныстыруға бағытталған дәрістер, мәдени-ағартушылық кездесулер, практикалық сабақтар және танымдық іс-шаралар өтеді. Қатысушылар ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен қолөнерімізді көріп, ұлттық тағамдардан дәм татып, жұртымыздың бай өнерімен танысады. 

Сонымен қатар, қатысушылар Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына танымдық сапар жасайды. Сол арқылы халқымыздың тарихи-мәдени ескерткіштері, киелі орындары және сәулет нысандарын тамашалайды. 

Бұған қоса, Ахмет Ясауи университетінде 2026 жылғы 28-29 қыркүйекте өтетін «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуіріндегі ғылыми трансформация» III халықаралық симпозиумына арнайы қатысады.