❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ: КЕМЕЛДІК МОДЕЛІ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТТІ

  • 01.10.2026
  • KZ
  • 41

image

Оқу ордамызда Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи: кемелдік моделі» атты ғылыми-танымдық семинар өтті.

Жиынға университет ғылыми қызметкерлері, оқытушылар, магистранттар мен жоғары курс студенттері қатысты.

Семинарды Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов ашып, кездесудің негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Ол ғылыми семинардың негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Сондай-ақ Ясауи мұрасын жаңаша көзқараспен зерделеудің бүгінгі қоғам үшін өзектілігін атап өтті.

Келесі кезекте философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай Ясауи ілімінің тек сопылық немесе мифтік шеңбермен шектелмейтінін тілге тиек етті. Ғалым Ясауи бабамыздың еңбектерінде шынайы білім, саналы сенім мен интеллектуалды кемелдікке бастайтын жүйелі ғылыми-танымдық негіз жатқанын талдап берді.

Сонымен қатар ғалым бүгінгі қоғамда түрлі таным мен түсініктердің жиі соқтығысатынын атап өтті. Бұған қоса «Ғылыми танымның өзегі мен іргетасы – эпистемологияда» деген фундаменталды идеяны алға тартты. Баяндамасында адам, дін, мәдениет және мемлекет ұғымдарының арақатынасын да зерделей келе, Ясауи мұрасындағы діни таным, дәстүр, тіл, этика, эстетика, музыка және ұлттық құндылықтардың мәдениет қабаттарындағы орнын, өзара сабақтастығын ғылыми негізде саралады.

Ғалымның байыпты пайымдары мен тың тұжырымдары білім алушылар мен жас зерттеушілердің ғылыми көзқарасын кеңейтіп, ерекше интеллектуалды серпін берді.

Жиын соңында жас ғалымдар мен студенттер өзара пікір алмасты. Әрі бүгінгі маңызды кездесуде Ясауидің кемелдік моделін тереңірек түсіндіргені үшін ұстаздарына алғыс білдірді.