❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ БЕДЕЛДІ МАРАПАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

  • 07.10.2026
  • KZ
  • 87

image
Оқу орнымыздың бірқатар оқытушысы мен қызметкері ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің марапаттарына ие болды.
 
Марапаттау рәсімі университет ректоры Жанар Темірбекованың ұжым және қоғам алдындағы есеп беру жиыны аясында өтті.
 
Рәсімге Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымының – ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев қатысып, университет қызметкерлеріне ұйымның арнайы марапаттарын табыстады.
 
Түркі әлемінің мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ медалімен Мәдениет орталығы «Атамекен» этно-аспаптар ансамблінің жетекшісі Сырым Айсынов, «Орындаушылық өнер» кафедрасының аға оқытушысы Мақсат Айтжанов және Медиа және PR орталығының фотограф маманы Нахып Шынтемиров марапатталды.
 
Сондай-ақ көрнекті түрік жазушысы, ақын, әлеуметтанушы, қоғам және саяси қайраткер Зия Гөкалптың туғанына 150 жыл толуына арналған арнайы медаль Журналистика кафедрасының профессорлары Сейдулла Садықов пен Сердәлі Бекжігітке, «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің деканы Дархан Елжановқа, «Орындаушылық өнер» кафедрасының аға оқытушысы Ұлболсын Кулетоваға, Мәдениет орталығының директоры Жібек Сейтметоваға және орталықтың суретші-безендірушісі Омар Бабажановқа табысталды.
 
Іс-шара барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров та Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің марапаттарын тапсырды.
 
Қазақстан полициясының халықаралық аренадағы беделі мен оң имиджін арттыруға, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерінің кездесуін жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан үлесі және кәсіби шеберлігі үшін университет ректоры Жанар Темірбекова мен Әлеуметтік-мәдени және даму вице-ректоры Еділ Төлегенов ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің Алғыс хатымен марапатталды.