Оқу орнымыздың Өнер, медиа және дизайн факультеті, Орындаушылық өнер кафедрасының «Актерлік өнер» білім беру бағдарламасының студенттері IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалінде Бас жүлдеге ие болды!
Түркі әлемінің студенттік театр ұжымдарын бір сахнада тоғыстырған халықаралық өнер додасы 5–8 қазан аралығында Түркістан қаласында өтті. Фестивальге Қазақстанның үш жоғары оқу орнынан, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркиядан студенттер мен профессор-оқытушылар қатысты.
Фестивальдің шымылдығын университетіміздің «Актерлік өнер» білім беру бағдарламасының студенттері ашып, жазушы Мадина Омарованың «Chanel №5» пьесасын сахналады. Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, аға оқытушы Мақсат Айтжанұлы.
Бірнеше күнге созылған шығармашылық дода барысында жас өнерпаздар өздерінің кәсіби шеберлігі мен сахна мәдениетін жоғары деңгейде көрсетіп, түркі елдерінен келген студенттік театр ұжымдарымен тәжірибе алмасты.
Нәтижесінде университетіміздің «Актерлік өнер» студенттері фестивальдің ең жоғары марапаты – Бас жүлдеге лайық деп танылды.
Марапатты Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жеңімпаздарға арнайы табыстады.
Бұл жеңіс – студенттеріміздің шығармашылық ізденісі мен талантының, ұстаздарының кәсіби еңбегі мен үздіксіз қолдауының жемісі.
Өнерлі жастарымыздың халықаралық сахнадағы жеңістері жалғасын тауып, шығармашылық биіктері асқақтай берсін!