❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ АҚШ-ТАН КЕЛГЕН ҒАЛЫМ-ЭПИДЕМИОЛОГ СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

  • 09.10.2026
  • KZ
  • 26

image

Оқу ордамызда Fulbright халықаралық бағдарламасы аясында АҚШ-тың Дюкейн университетінің профессоры, эпидемиолог әрі жаһандық денсаулық сақтау саласының зерттеушісі Фаина Линкова семинар-тренинг өткізді.

Фаина Линкова – 100-ден астам халықаралық ғылыми жарияланымның авторы. Scopus дерекқоры бойынша ғалымның h-индексі 25-ке тең.

Айта кетейік, профессор, ең алдымен Шымкент кампусында болып, Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінде 7-8 қазан күндері медицина мамандарына семинар өткізді.

Профессорды Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева және университет ұжымы қарсы алды. Вице-ректор ғалымды университетімізде көргеніне қуанышты екенін жеткізіп, сый-сияпаттар табыстады. Сондай-ақ, медицина саласының жас зерттеушілеріне арналған тағылымды семинарлары үшін алғыс айтты.

Семинар-тренингке Медицина факультетінің деканы Гүлназ Нұсқабаева бастаған оқытушы-профессорлар құрамы мен  магистранттар, докторанттар және студенттер қатысты.

Жиынның мақсаты – денсаулық сақтау саласының мамандарына жасанды интеллект құралдарының мүмкіндіктері мен этикалық тәуекелдері туралы бағыт-бағдар беру.

Семинарда ғалым ғылыми жетекшілік, академиялық жазылым және халықаралық журналдарда ғылыми зерттеулерді жариялаудың негізгі кезеңдерін жүйелі түрде түсіндірді.

Сонымен қатар, мақалаларды Scopus және Web of Science базаларындағы үздік журналдардың талаптарына сай дайындауды, жалған журналдардан қорғануды үйретті.

Басқосуда эпидемиолог-ғалым отандық зерттеушілермен бірлесіп, балалар денсаулығы мен COVID-19 пандемиясының салдарына қатысты ғылыми мақалаларды халықаралық деңгейде жариялап жүргенін атап өтті.

Бұған қоса, медицинада жасанды интеллект кеңінен қолданылатын 10 бағытты атап өтті. Сондай-ақ, жасанды интеллектіні зерттеушінің орнын алмастыратын құрал ретінде емес, ғылыми әдебиеттерге шолу жасауға және деректерді өңдеуге көмектесетін тиімді көмекші ретінде пайдаланудың халықаралық әдістемесіне тоқталды.

Осылайша, профессор өз лекциялары мен тренингтері арқылы созылмалы ауруларды зерттеу, қатерлі ісіктің алдын алу және молекулалық эпидемиология бойынша ең соңғы технологиялық ғылыми тәсілдер мен зерттеу әдістерін бөлісті.