УНИВЕРСИТЕТІМІЗ ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНА МАМАН ДАЯРЛАУ БОЙЫНША ҮШЖАҚТЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Бүгін университетіміз бен «Sauran Solar Power» ЖШС және Қытай –Орталық Азия өнеркәсіптік кадрларды дамыту альянсы арасында үш жақты ынтымақтастық меморандумы түзілді.
Меморандумның мақсаты – жаңартылатын энергия және электр энергетикасы салаларына қажетті білікті мамандарды даярлау, білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту және Қазақстанда жергілікті кадрлардың кәсіби дамуына жағдай жасау.
Аталған келісімге ректор Жанар Темірбекова мен «Sauran Power» ЖШС бас директоры Чэнь Цзяцзя және Қытай–Орталық Азия өнеркәсіптік кадрларды дамыту альянсы бас директорының көмекшісі Лю Инбо қол қойды.
Келісім аясында тараптар фотоэлектрлік станцияларды пайдалану және техникалық қызмет көрсету, жел энергетикасы, энергия сақтау технологиялары, электр жабдықтары мен жобаларды басқару бағыттары бойынша студенттердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырмақ. Сол арқылы жас инженерлерді нақты жобаларға тарту және еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды бірлесіп даярлау бағыттарын жүзеге асырады.
Сонымен қатар, алдағы уақытта кәсіптік дағдыларды оқыту базасын құру, оқытушылар мен студенттердің академиялық және кәсіби алмасуын ұйымдастыру, өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейту, онлайн-оқыту ресурстарын дамыту және мамандардың біліктілігін арттыру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіледі.
Ынтымақтастық аясында университетіміз тиісті бағыттар бойынша білім беру бағдарламаларын ұсынып, оқытушылар мен студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін ұйымдастырады. Сондай-ақ, оқу процесін қажетті білім беру ресурстарымен және академиялық қолдаумен қамтамасыз етеді.
«Sauran Solar Power» ЖШС энергетика саласындағы өндірістік тәжірибе алаңдарын ұсынып, студенттердің практикалық білім алуына, тәжірибеден өтуіне және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, компания мамандары кәсіби тәжірибесін бөлісіп, оқу бағдарламаларын жетілдіруге атсалысады.
Ал, Қытай–Орталық Азия өнеркәсіптік кадрларды дамыту альянсы кәсіпорын мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты үйлестіріп, мамандарды бірлесіп даярлауға, оқытушылардың біліктілігін арттыруға, онлайн-оқыту ресурстарын дамытуға және Қытайда кәсіби білім алу мүмкіндіктерін ұйымдастыруға ықпал етеді.
Осылайша, үш жақты меморандум – білім беру мен өндіріс интеграциясын дамытуға, студенттердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге және жаңартылатын энергетика саласында сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталды.