Университетімізде «Заң және тәртіп – құқықтық мемлекет пен тұрақты қоғамның негізі» атты маңызды ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Іс- шараны Экономика және басқару, Заң және Теология факультеттері «Заң мен тәртіп» концепциясы аясында бірлесе ұйымдастырды.
Басты мақсат – білім алушылардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің маңызын түсіндіру. Сондай-ақ, экономикалық құқық бұзушылықтар мен қаржылық алаяқтықтың алдын алу жөнінде ақпарат беру.
Жиынға арнайы қонақ ретінде ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Криминалистика бөлімінің бас криминалисті Қайырхан Мустафаев қатысты. Ал, кездесу модераторы – Экономика және басқару факультетінің ғылым және тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары Үміт Малден болды.
Кездесу барысында Қайырхан Мустафаев құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігі, экономикалық қылмыстардың қоғамға тигізетін зардаптары туралы айтты.
Сонымен қатар, спикер студенттерге заңсыз ақша аударымдары, дропперлік, заңсыз ақша айналымы сынды өзге де құқық бұзушылық әрекеттер жөнінде ақпарат берді. Дропперлер қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп, мысалдар арқылы көрсетті.
Жиын соңында Экономика және басқару факультетінің деканы Мақпал Анламасова Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Қайырхан Мустафаевқа оқу ордамызға келіп, жастарға құқық саласы бойынша тың ақпараттар бергені үшін алғыс айтты. Ал қатысушы студенттер өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Осылайша, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы кездесу студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға құрметпен қарау, жауапкершілікті сезіну және академиялық адалдық қағидаттарын ұстанудың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.