❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«МӘУЕРЕННАХРДАН АНАДОЛЫҒА ДЕЙІНГІ ИСЛАМ ҒҰЛАМАЛАРЫ: БІЛІМ МЕН ХИКМЕТТІҢ ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН» АТТЫ III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ БАСТАЛДЫ

  • 16.10.2026
  • KZ
  • 127

image

Университетімізде «Мәуереннахрдан Анадолыға дейінгі ислам ғұламалары: Білім мен хикметтің тоғысындағы Түркістан» атты III Халықаралық ғылыми симпозиумы басталды. Жиынды оқу ордамыз бен Анкара Йылдырым Баязит университетінің Теология факультеті және Хадис тарихы қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды. 

Айтулы ғылыми жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Бангладеш, АҚШ, Албания, Иордания, Болгария, Тунис және Ливия елдерінің теология, дінтану, философия, тарих және гуманитарлық ғылымдар салаларының зерттеушілері қатысып жатыр. 

Басты мақсат – Мәуереннахр мен Түркістан өңірінен шыққан көрнекті ислам ғұламаларының ғылыми және рухани мұрасын зерттеу, олардың әлемдік өркениетке қосқан үлесін зерделеу, сондай-ақ түркі әлемі ғалымдарының өзара байланысын нығайту.

Айта кетейік, симпозиум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи-мәдени мұраны сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу және түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі бастамаларымен үндеседі. Президент 2026 жылғы 15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешімді жариялап, оның қызметінде университетіміздің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдалануды ұсынды.

Осы тұрғыдан алғанда, халықаралық симпозиум Түркістанның ғылыми және рухани мұрасын әлемдік деңгейде танытуға, түркі-ислам өркениетінің ортақ құндылықтарын зерттеуге бағытталған маңызды академиялық алаң болмақ.

Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгінгі ғылыми басқосудың Түркістанда өтуінің мәні ерекше. Өйткені Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, ғасырлар бойы білім мен ғылым, мәдениет пен руханият тоғысқан қасиетті мекен. Осы өңірден бастау алған ғылыми және рухани дәстүр – бүкіл түркі дүниесіне ортақ құндылық.

Бүгінгі симпозиумға 12 мемлекеттен ғалымдардың қатысуы – ортақ ғылыми мұрамызға деген халықаралық қызығушылықты көрсетеді.

Біз үшін мұндай ғылыми басқосулардың нақты нәтижеге ұласуы маңызды. Бірлескен зерттеулер жүргізіліп, жаңа ғылыми еңбектер жарық көріп, университеттер арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түседі деп сенеміз. Ғылыми басқосуымыз нәтижелі болып, Түркістаннан бастау алған білім мен хикмет дәстүрі жаңа ғылыми ізденістермен жалғаса берсін!»,-деді.

Ректор, сондай-ақ, 2021 жылы ашылған Теология факультетінің қызметі, дінтану, теология және философия бағыттарындағы білім беру мен ғылыми зерттеулердің дамуы туралы баяндады. 

Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кешенді зерттеу, ғылыми нәтижелерді қоғамға кеңінен таныту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту жөніндегі бастамалар туралы айтты. Алдағы жоспарлар қатарында ICESCO ұйымымен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, Ясауи мұрасын зерттейтін жас ғалымдарға қолдау көрсету мақсатында арнайы стипендия тағайындау, шетелдердегі Ясауи ғылыми-зерттеу орталықтарының географиясын кеңейту көзделгенін жеткізді. Әрі, Түркістанды халықаралық Ясауитану зерттеулерінің маңызды ғылыми орталығына айналдыру басты мақсаттардың бірі екенін атап өтті.

Келесі кезекте, ректор өкілі Пейами Баттал да симпозиумның ашылу салтанатымен баршаны құттықтады. «Биыл әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу бағытында маңызды бастамалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Түркі дүниесінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи сынды өзге де ғұламалардың мұрасын дәріптеуге қолдау көрсетіп келе жатқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамын.

Бүгінгі симпозиумның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан университетіміздің Теология факультетіне, Анкара Йылдырым Баязит университетіне және іс-шараны өткізуге атсалысқан барлық құрылым мен әріптестерге ризашылығымды білдіремін»,-деді.

Пейами Баттал Ясауи ілімін кеңінен таныту мақсатында студенттер арасында арнайы клубтар мен қауымдастық құруға шақырып, ұлы ойшылдың мұрасы тек түркі халықтарына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылық екенін атап өтті. 

Сонымен қатар, жиында Анкара университетінің Теология факультетінің профессоры, доктор, Хадис тарихы қауымдастығының төрағасы Мехмет Эмин Өзафшар мен Анкара Йылдырым Баязит университетінің профессоры, доктор, симпозиумды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ферхат Гөкче жылы лебіздерін білдіріп, құттықтауларын жеткізді.

Симпозиум жұмысы одан әрі қарай пленарлық және секциялық отырыстарға ұласты. Ғалымдар Түркістандағы ислам философиясы мен әл-Фараби мұрасы, Қожа Ахмет Ясауидің хикмет ілімі, Мәуереннахрдағы хадис ғылымы, ислам құқықтануы, матуридилік дүниетаным, сондай-ақ түркі-ислам өркениетіндегі білім, адамгершілік және рухани құндылықтар мәселелерін талқылайды.