«ЯСАУИ ШАҢЫРАҒЫ: ДОСТЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ МЕКЕНІ» АТТЫ ЭТНОПИКНИК ӨТТІ
25 қазан - Республика күніне орай Хантағы демалыс аймағында «Ясауи шаңырағы: достық пен бірліктің мекені» атты мәдени-танымдық этнопикник өтті. Іс-шараны Әлеуметтік-мәдени жұмыстарды ұйымдастыру және психологиялық қолдау көрсету бөлімі ұйымдастырды.
Басты мақсат – шетелдік студенттерді қазақ халқының ұлттық құндылықтарымен, салт-дәстүрі және мәдени мұрасымен таныстыру, мәдениетаралық байланысты дамыту, сондай-ақ университетіміздегі достық пен өзара сыйластықты нығайту.
Жиында сөз бастаған Бөлім басшысы Эльмира Үсенқызы этнопикниктің маңызына тоқталып, Ясауи шаңырағы астында басқосқан түрлі ұлт өкілдерін жақындастырудың, ортақ құндылықтарды дәріптеп, өзара құрмет пен татулықты нығайтудың мәнін саралады.
Этнопикник «Достық шеңбері» форматында танысу алаңынан басталып, қатысушылар ақ дастархан басында еркін пікір алмасты. Әрі, өзара жақынырақ танысты. Әртүрлі елден келген жастар бір-бірінің мәдениеті мен дәстүріне қызығушылық танытып, ортақ әңгіме өрбітті.
Мәдени бағдарлама аясында студенттер өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық әндерін орындап, би биледі. Домбыраның күмбірлеген үнімен жырдан шашу шашты. Сонымен қатар, қатысушылар асық ойнап, ұлттық ойындармен танысты.
Танымдық шара аясында студенттер табиғатты аялауға да үлес қосты. Хантағы бөктерінде «Достық аллеясының» негізі қаланып, түрлі ұлт өкілдері ағаш екті. Бұл бастама достықты дәріптеумен қатар, қоршаған ортаға жанашырлық таныту және келер ұрпаққа ортақ мұра қалдыру сияқты игі дәстүрді көрсетті.
Осылайша, мәдени-танымдық басқосу әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара жақындасуына, достық қарым-қатынастың нығаюына және ортақ құндылықтардың дәріптелуіне мүмкіндік берді.