❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ЭПИЛЕПСИЯНЫ ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ

  • 19.10.2026
  • KZ
  • 33

image
Оқу ордамызда «Эпилепсия патогенезіндегі дәріге төзімділік механизмдерінің негізгі аспектілері: генетикалық зерттеулердің рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды.
 
Конференция AP23489425 «Түркістан облысындағы дәріге төзімді эпилепсиямен ауыратын науқастардың генетикалық профилін зерттеу» ғылыми жобасы және BR24992814 «Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.
 
Жиынның мақсаты – дәріге төзімді эпилепсияның клиникалық, патогенетикалық және молекулалық-генетикалық ерекшеліктерін тереңірек зерделеу. Заманауи диагностика мен дербестендірілген медицина тәсілдерін қарастыру, ғылыми нәтижелермен бөлісу және отандық әрі шетелдік мамандар арасындағы кәсіби байланысты нығайту.
 
Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Корея Республикасы, Ұлыбритания, Үндістан және Пәкістан елдерінің ғылыми және медициналық қауымдастық өкілдері қатысты. Конференция бағдарламасы неврология, эпилептология, медициналық генетика және молекулалық биология салаларындағы өзекті мәселелерді қамтымақ.
 
Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ректор Жанар Темірбекова: «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті құрылған жылдан бастап Түркістан қаласы мен облысы, жалпы еліміз үшін білікті медицина мамандарын даярлауға қажырлы еңбек етіп келеді. Университеттің алғашқы жылдарында Түркістан әлі шағын аудан орталығы болғанына қарамастан, Алматы мен Астанадан білікті мамандар келіп, қасиетті өңірде медицина саласын дамытуға үлкен үлес қосты.
 
Біздің негізгі міндетіміз – сапалы әрі білікті маман даярлау. Дәрігер мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәрігер еңбегінің нәтижесі кейде бірден, кейде бірнеше күннен кейін көрінеді. Ұстаздық та сондай маңызды кәсіп. Алайда ұстаз еңбегінің жемісі бір күнде емес, арада 10–15 жыл, тіпті 50–60 жыл өткен соң көрінуі мүмкін. Сондықтан қоғам үшін дәрігер мен ұстаз – маңызы зор, жауапкершілігі жоғары екі мамандық иесі», – деді.
 
Келесі кезекте Медицина факультетінің деканы Гүлназ Нұскабаева: «Бұл конференция ғылыми жоба аясында ұйымдастырылып отыр. Өздеріңіз білетіндей, оңтүстік өңірде дәріге төзімді эпилепсия жиі кездеседі. Осыған байланысты аурудың патогенезін, яғни пайда болу себептері мен даму механизмдерін және емге төзімді болуына әсер ететін факторларды зерттеуді бастадық. Аталған ғылыми зерттеу ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруы аясында жүзеге асырылды», – деді.
 
Ал, Стоматология факультетінің деканы Угилжан Татыкаева: «Медицина саласы күн сайын дамып, жаңа әдістермен толығуда. Аурулардың патогенезін зерттеу диагностика мен емдеудің жаңа тәсілдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Бүгінгі конференцияда талқыланатын ғылыми еңбектер халық денсаулығын жақсартуға үлес қосады деп сенемін», – деді.
 
Конференцияның ашылу салтанатынан кейін сессиялық отырыстар басталды. Жиын аясында бес сессиялық отырыс ұйымдастырылып, эпилепсияны диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелері талқыланды.
 
Алғашқы сессияда эпилепсияны диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері қарастырылып, дәріге төзімді эпилепсияны ерте анықтау және дербестендірілген емдеу стратегиялары, клиникалық тәсілдер мен молекулалық-генетикалық зерттеулердің нәтижелері талқыланды.
 
«Дәріге төзімді эпилепсия: диагностика және науқастарды клиникалық жүргізу» атты екінші сессияда неврологиядағы генетикалық диагностиканы жетілдіру, емдеу тәсілдерін өзгерту арқылы ремиссияны сақтау, фармакогеномиканың мүмкіндіктері және эпилепсия кезіндегі микроРНҚ-ның клиникалық маңызы сөз болды.
 
Үшінші сессия заманауи емдеу стратегиялары мен сирек кездесетін ауруларға арналды. Онда қатысушылар дәріге төзімді эпилепсияны емдеу мүмкіндіктері, күрделі клиникалық жағдайларды талдау, диагноз қою мен науқасты әрі қарай жүргізу тактикасы мен сирек кездесетін ауруларды зерттеу тәжірибесі жайында ой өрбітті.
 
«Мультидисциплинарлық тәсілдер және молекулалық зерттеулер» атты төртінші сессияда дәріге төзімді эпилепсиясы бар балаларды емдеудегі мультидисциплинарлық модель, дәрілік өсімдіктерді фармакогнозиялық және фитохимиялық бағалау, генетикалық және эпигенетикалық биомаркерлердің маңызы сөз болды. Бұл бағыттағы баяндамалар молекулалық зерттеулерді клиникалық тәжірибемен ұштастыру мәселелеріне арналды.
 
Сессиялық отырыстардан кейін конференция жұмысы постерлік сессиямен жалғасты. Қатысушылар күрделі эпилепсия кезіндегі дербестендірілген нейрооңалту, клиникалық жағдайларды талдау, фенотиптік модельдердің емдеу тактикасын оңтайландырудағы рөлі, метаболизмдік синдром кезіндегі генетикалық факторлар және фармакогеномика мәселелерін ортаға салды.
 
Ғылыми жиын дәріге төзімді эпилепсияны зерттеу, диагностикалау және емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауға, сондай-ақ, халықаралық ғылыми тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
 
Айта кетейік, конференция жұмысы 20-қазанға дейін жалғасады.