❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«АКАДЕМИЯЛЫҚ КӨШБАСШЫЛЫҚ»: «AI-СЕЙСЕНБІЛІК» ПРАКТИКАЛЫҚ МАРАФОНЫ БАСТАЛДЫ

  • 20.10.2026
  • KZ
  • 61

image
 
Университетімізде «Академиялық көшбасшылық» бағдарламасы аясында факультет декандары, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері мен кураторлардың цифрлық құзыреттерін арттыруға бағытталған бес апталық «AI-Сейсенбілік» практикалық марафоны басталды.
 
Практикалық марафонды Коммерцияландыру офисі YASAWI STARTUP инкубациялық бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
 
Бағдарламаның басты мақсаты – академиялық көшбасшылық мәдениетін дамыту, басқару стилін жетілдіру, ұжым ішінде сенім мен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін басқару және білім беру процесінде тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру.
 
Әр аптаның сейсенбі күні кітапхананың coworking орталығында корпоративтік таңғы ас форматында декандар, департамент басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, декан орынбасарлары мен кафедра меңгерушілері және кураторларға арналған біліктілікті арттыру және команда құру кездесулері өтеді.
 
Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Президентіміз 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, елімізде жасанды интеллект технологияларын дамытуға, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге және инновациялық жобаларды қолдауға басымдық берді.
 
Бүгінгі жиынның мақсаты – факультет кураторлары арасындағы байланысты нығайту және өзара тәжірибе алмасу. Сонымен қатар, жасанды интеллект бойынша жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, оларды өмірде және оқу процесінде қолдануға мүмкіндік аламыз. Бес апта бойы түрлі тақырыптарды қамтып, ойындар арқылы командалық сайыстарға қатысасыздар. Бағдарлама баршаңызға пайдалы болады деп сенемін», – деді.
 
Айта кетейік, «AI-Сейсенбілік» марафоны академиялық көшбасшылықты заманауи цифрлық дағдылармен ұштастырып, университеттің басқару жүйесінде инновациялық тәсілдерді дамытуға және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Алғашқы апта – «Оптикалық иллюзия және қиял бәсекесі» тақырыбына арналды. Тренингті Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру секторының үйлестірушісі Абылайхан Тастанбеков жүргізді.
 
Практикалық сессия барысында қатысушылар жасанды интеллект арқылы жасалған фото мен бейнематериалдарды шынайы контенттен ажырату және сапалы промпт құрастыру бойынша командалық тапсырмаларды орындады.
 
Бағдарлама аясында қатысушыларға күрделі суретті қысқа уақыт ішінде мәтінмен сипаттап, жасанды интеллект көмегімен түпнұсқаға барынша ұқсас нұсқасын жасау міндеті берілді. Сонымен қатар, дипфейк технологияларының мүмкіндіктері мен тәуекелдері қарастырылды.
 
Командалық жарыс форматында өткен кездесу қатысушылардың технологиялық сауатын арттырып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуына және заманауи цифрлық құралдарды тәжірибеде қолдануына мүмкіндік берді.
 
«AI-Сейсенбілік» марафонының келесі кезеңдерінде факультеттердің технологиялық сауатын ілгерілетуге арналған медиа өнімдер әзірлеу, әкімшілік жұмыстарды автоматтандыру, ғылыми ақпарат іздеу және жасанды интеллект негізінде цифрлық көмекшілер құрастыру мәселелері қамтылады.