❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС ТҮРКОЛОГТАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

  • 21.10.2026
  • KZ
  • 58

image

Университетімізде І Баку түркология конгресіне 100 жыл толуына орай V Халықаралық жас түркологтар конференциясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

1926 жылы Әзербайжан астанасы Баку қаласында І Баку түркология конгресі (Бірінші Бүкілодақтық түркологтар съезі) өтті.  Жиынға Ахмет Байтұрсынұлы, Борис Ақанаев, Мағжан Жұмабаев бастаған қазақ зиялылары мен Түркия, АҚШ, Германия және Кеңес Одағының түрколог ғалымдары қатысты. Бұл жиын түркі халықтарының тілі, әдебиеті, тарихы, этнографиясы мен мәдени тұтастығын айқындауда тарихи мәнге ие болған маңызды кезең болды. 

Осы тарихи сабақтастықты жалғастырған халықаралық конференцияны оқу ордамыз бен Орду университеті және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры бірлесе ұйымдастырды.

Ғылыми жиынға Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Хорватия, Өзбекстан және Ресейден жас түркологтар, зерттеушлері мен студенттер қатысып жатыр. 

Басты мақсат – халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту, академиялық тәжірибе алмасу, жас зерттеушілер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және түркология саласындағы өзекті мәселелерді зерделеу. Конференция түркі әлемінің ортақ ғылыми-мәдени мұрасын тереңірек танып, жаңа зерттеулерге жол ашатын маңызды ғылыми алаң болмақ.

Жиын Өкілетті Кеңес төрағасы Хүсейін Караманның бейне-құттықтауынан бастау алды.

«Бүгінгі айтулы конференцияның І Баку түркология конгресіне 100 жыл толуымен тұспа-тұс келуі, әрі сол тарихи конгрестің мұрасына тағзым етуі бұл ғылыми жиынның тарихи маңызы мен мазмұнын арттыра түседі. 

Түркі дүниесінің болашақ даму бағдарын айқындайтын маңызды бағыттардың бірі – түркология, яғни түркітану ғылымы. Бұл сала мұрағат деректері мен түрлі ғылыми дереккөздер арқылы толыға түскен сайын тіл, әдебиет, ғылым, өнер, әлеуметтану, құқық және дінтану секілді көптеген саланың дамуына жол ашады. Осындай бірлікті қалыптастырып, барлық салада өзара үйлесімді әрекет ету үшін түркі дүниесі ортақ ұстанымдар төңірегінде топтасып, толық түсіністік пен келісім негізінде біртұтас күшке айналуы қажет. Дәл осы тұста болашақта түркология ғылымының дамуына үлес қосатын қадірлі жастарымызға үлкен үміт артамыз. Сіздердің жүрекпен сезініп, шынайы ықыласпен атқаратын еңбектеріңіз бен табанды ұстанымдарыңыз – биік нәтижелерге жетудің алғашқы қадамы болмақ»,-деді.

Келесі кезекте, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова да бейне-құттықтауында: «Қасиетті Түркістан қаласында І Баку түркология конгресіне 100 жыл толуына арналған V жас түркологтар ғылыми конференциясының өтуі – баршамыз үшін маңызды, әрі тағылымды оқиға. Айтулы конгрестің 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мәселесі түркі мемлекеттері басшыларының айрықша назарында. Бұл тарихи мерейтой – өткенге тағзым етумен қатар, түркі халықтарының ғылыми және мәдени ынтымақтастығын жаңа белеске көтерудің мүмкіндігі. Біздің басты мақсатымыз – I ғасыр бұрын Бакуде бастау алған ғылыми ынтымақтастық дәстүрін жалғастырып, түркология ғылымының дамуына жаңа серпін беру. Ортақ мәдени мұрамызды әлемдік деңгейге кеңінен таныту»,-деді. 

Жиында сөз кезегін алған Орду университетінің ректоры Орхан Баш: «Түркі тарихының мыңдаған жылдық шежіресі кең байтақ құрлықтар мен ұлан-ғайыр географиялық кеңістіктерге таралған бай мәдени мұраны қалыптастырды. Осы мәдени мұраның ортақ негіздерінің бірі – тіл мен дін бірлігі. Сонымен қатар, түркі елдері мен түркі халқының ортақ тұрмыс-тіршілігі, тарихы, естеліктері, қуаныштары мен қайғылары бар. Мұның бәрі – бізді бір арнаға тоғыстыратын маңызды құндылықтар. 

Тарихқа көз жүгіртсек, Орхон жазбаларынан бастап Қорқыт ата мұрасына, Махмұд Қашқари еңбектерінен Әлішер Науаи шығармаларына дейін қамтитын бай мәдени мұрамыз бен рухани қазынамыз бар. Біздің міндетіміз – осы мұраны заманауи ғылыми білім мен зерттеулер негізінде бірлесе зерделеп, оның құндылықтарын жаңаша танып, ғылыми айналымға енгізу. Бұл іске жас түрколог әріптестерімізді кеңінен тартып, олардың белсенді қатысуымен жинақталған білім мен тәжірибені болашаққа бағыттауымыз қажет»,-деді.

Жиында сөз алған ректор Жанар Темірбекова: «Түркістан ғасырлар бойы түркі мәдениеті мен ілімі, дәстүрлері дамыған маңызды орталықтардың бірі болды. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қастерлі мұрасымен тұтасқан бұл шаһар өткеннен бүгінге дейін түркі әлемінің жадында ерекше орынға ие. Бүгін осындай тарихи қалада түркология саласында зерттеу жүргізіп жатқан жастардың басын қосу — өткеннен алған ғылыми және мәдени құндылықтарымызды келешек ұрпаққа аманаттау тұрғысынан өте маңызды.

Қожа Ахмет Ясауи халықаралық қазақ-түрік университетінің негізгі мақсаттарының бірі — түркі дүниесінің ортақ ғылым мен білім түсінігін нығайту, әртүрлі елдерден келген студенттер арасында берік байланыс орнату және білікті ғалымдардың жетіліп шығуына үлес қосу.

Жас түркологтар конференциясының нәтижелі ғылыми талқылауларға, жаңа академиялық серіктестіктерге және түркология саласындағы құнды еңбектерге жол ашуын тілеймін. Баршаңызға сәттілік!»,-деді.

Басқосуда ректор өкілі Пейами Баттал да ізгі тілегін жеткізді: «Түркология – тек өткенімізді зерттейтін ғылым саласы емес. Ол түркі тілін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін терең зерделеу арқылы ортақ болашағымызды қалыптастыруға мүмкіндік беретін стратегиялық ғылыми бағыт. Орхон жазбаларынан Қорқыт ата мұрасына дейін жалғасқан бай рухани қазынамызды сақтау, оны заманауи әдістермен зерттеу және келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Конференция жас зерттеушілерімізге білімдері мен тәжірибелерін бөлісуге, түрлі ғылыми көзқарастармен танысуға және жаңа академиялық байланыстар орнатуға мүмкіндік береді деп сенемін. Ғылым сан алуан пікір тоғысқан, сұрақтар көбейіп, тың идеялар туындаған ортада дамиды. Сіздерден күтеріміз – өткеннен жеткен мұраны қабылдап қана қоймай, оған жаңа көзқарас пен тың мазмұн қосып, зерттеу көкжиегін кеңейту»,-деді ректор өкілі. 

Салтанатты ашылу рәсімі одан әрі қарай секциялық отырыстарға ұласты. Алдағы уақытта жас түркологтар көне түркі тілінен қазіргі түркі жазба тілдеріне, көне түркі әдебиетінен қазіргі түркі әлемі әдебиетіне, көне түркі тарихынан қазіргі түркі әлемі тарихына, сондай-ақ көне түркілердің фольклоры, өнері мен мәдениетінен қазіргі түркі әлемінің фольклоры, өнері мен мәдениетіне дейінгі түркологияға қатысты өзекті тақырыптар бойынша ғылыми баяндамаларын ұсынады.

Айта кетейік, конференция жұмысы 24-қазанға дейін жалғасады.