❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

СТУДЕНТТЕРІМІЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒАРЫШ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ БАЙҚАУЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

  • 21.10.2026
  • KZ
  • 55

image

Жаратылыстану ғылымдары факультетінің студенттері Өзбекстанда өткен Халықаралық CanSat байқауында жүлдегер атанды.

16–21 қазан аралығында ICESCO ұйымы мен Өзбекстанның ғарыштық зерттеулер және технологиялар агенттігі, Турин политехникалық университетінің бірлесе ұйымдастыруымен «5th International Model Satellite (CanSat) Training Workshop and Aerospace Symposium» атты халықаралық ғылыми-техникалық іс-шара өтті.

Халықаралық бағдарламаға Қазақстан, Өзбекстан, Малайзия, Пәкістан, Түркия, Әзербайжан, Оман, Габон және басқа да мемлекеттерден 250-ге жуық қатысушы жиналды. Олардың қатарында ғарыш технологиялары саласының ғалымдары мен сарапшылары да бар.


Байқауға қатысқан Физика кафедрасының студенттері Мақсат Сайдазим, Бекарыс Төлеутаев, Бақберген Шүкірбай және Физика білім беру бағдарламасының докторанты Жақсылық Нұрқожа II орынды иеленді. Команданың ғылыми жетекшілері – PhD, қауымдастырылған профессорлар Шерзод Раманкулов пен Серік Полатұлы.

Әлемнің бірнеше елінен келген командалар қатысқан сайыста білімгерлеріміз оқу ордамыздың ғылыми-инженерлік әлеуетін танытып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Айта кетейік, сайыс барысында қатысушылар CanSat форматындағы шағын жерсерік модельдерін жобалау, электрондық компоненттерді құрастыру, микроконтроллерлерді бағдарламалау, сенсорлардан алынған деректерді өңдеу және инженерлік шешімдерді тәжірибеде қолдану бойынша білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетті.

Білімгерлерімізді айтулы жетістікпен құттықтап, ғылыми ізденіс жолында табыс тілейміз!