Оқу ордамыз әзірлеген «Қазақ әдебиетін оқыту теориясы мен технологиясы» атты авторлық курс Coursera халықаралық білім беру платформасында жарияланды.
Курстың жетекшісі – Филология факультеті, Қазақ филологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Пакизат Адиева.
Қазақ тілінде ұсынылған курс болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге, әдебиетті оқытудың дәстүрлі әдістерін заманауи педагогикалық технологиялармен ұштастыруға бағытталған.
Оқу барысында әдеби білім берудің теориялық негіздері, оқу мақсаттарын анықтау, Блум таксономиясы негізінде сабақ жоспарлау, бағалау критерийлері мен дескрипторлар әзірлеу жолдарын үйретеді. Сонымен қатар, поэзиялық, прозалық және драмалық шығармаларды талдау, олардың идеялық мазмұнын, көркемдік ерекшеліктерін, эстетикалық және тәрбиелік мәнін ашу әдістеріне ерекше назар аударылады.
Курстың маңызды бағыттарының бірі – әдеби шығармалар арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқушылардың адамгершілік қасиеттерін, оқырмандық мәдениетін, сыни ойлауы мен шығармашылық қабілетін дамытады. Көркем мәтіндегі табиғат бейнесін экокритикалық тұрғыдан талдау арқылы экологиялық таным мен табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мәселелері де қамтылған.
Білім беру жобасының ерекшелігі – дәстүрлі оқыту әдістерін заманауи цифрлық технологиялармен ұштастыруында. Білім алушылар әдебиет сабақтарында интерактивті әдістерді, онлайн платформаларды, цифрлық білім беру ресурстары мен жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануды үйренеді.
Курсты аяқтаған білім алушылар әдебиет сабақтарын өз бетінше жоспарлау, көркем шығармаларды жан-жақты талдау және оқушылардың білімін тиімді бағалау дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар, оқушылардың жеке қабілеттері мен қажеттіліктеріне сай тапсырмалар әзірлеп, заманауи технологияларды сабақ барысында қолдануды үйренеді. Бұл ұлттық құндылықтарға негізделген әдеби білім беруге қажетті кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға мүмкіндік береді.
Университет атынан Coursera жобасының серіктесі Bilim Upskill компаниясына курсты әзірлеу және жариялау кезеңдерінде көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамыз!