Оқу ордамызда еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күніне орай салтанатты шара өтті.
Мерекелік іс-шарада, ең алдымен, Қазақстан мен Түркия Республикаларының әнұрандары шырқалды.
Алғашқы сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміздің жаңа тарихындағы елеулі өзгерістерге жол ашылды.
Бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Республика күні өзінің тарихи орнына қайта оралып, ресми мәртебеге ие болды.
Республика күні – әрбір ел үшін, тәуелсіздікке қол жеткізгенәрбір мемлекет үшін маңызды күн. Биыл тәуелсіздігімізді жариялағанымызға 35 жыл толып отыр. Ұлт-азаттық күреспен тәуелсіздік жолындағы ұзақ тарихты ескерсек, біз – бақытты ұрпақпыз. Өйткені біз тәуелсіз елде өмір сүріпжатырмыз», – деді.
Сонымен қатар, ректор Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне кеңінен тоқталып, елдің түрлісалада жүріп өткен даму жолы жайында баяндама оқыды. Атап айтқанда, еліміздің макроэкономикалық даму көрсеткіштеріне, ішкі туризмнің әлеуетіне, халықаралық резервтердің қалыптасуына, шағын және орта бизнестің дамуына, халықты жұмыспен қамту бағытындағы нәтижелерге тоқталды. Агроөнеркәсіптік кешен мен ауылшаруашылығының дамуын, әлеуметтік салаға бағытталған инвестицияларды, білім мен ғылымдағы өзгерістерді және инфрақұрылымның жаңғыруын атап өтті. Тәуелсіздіктің 35 жылында қол жеткізген табыстардың маңызын атап, Қазақстанның дамуындағы әрбір жетістіктің ел болашағы үшін құнды екенін жеткізді.
Келесі кезекте ректор өкілі Пейами Баттал: «Бүгін Қазақстан үшін маңызды мереке – Республика күнін біргеатап өту үшін жиналып отырмыз. 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның өз болашағына деген ұмтылысының тарихи бастамасы болды.
Қазақстан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімен, бай мәдениетімен және берік ынтымағымен ерекшеленеді. Осы айтулы мерекеге орай барша қазақ бауырларымды шынжүректен құттықтаймын! Қазақстанға бейбітшілік, тұрақтылық, бірлік пен өркендеу тілеймін. Елдеріміздің қуаты артып, халқымыздың ынтымағы нығая берсін. Республика күні құтты болсын!» – деді.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Алдымен, Өнер, медиа және дизайн факультетінің«Шежіре» фольклорлық ансамблі Құрманғазының«Балбырауын» және Дәулеткерейдің «Құдаша» күйлерінорындады.
Сонымен қатар, «Шабыт» студенттік хоры «Елім менің» әнін орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Университетіміздің мақтаныштары «Би сұлтан» би ансамблі«Өрлеу» биімен сахна сәнін келтірді.
Қазақ пен түрік өнері тоғысқан кеште университет студенттері қос халықтың рухани үндестігін дәріптейтінәндер орындады. Бағдарлама аясында түрік халқыныңдәстүрлі «Халай» биі де көпшілік назарына ұсынылды. Кеш соңында «Шабыт» студенттік хорының орындауындағы«Атамекен» әні шырқалды.
Осылайша, Республика күніне арналған мерекелік бағдарлама елдік рухты ұлықтап, ұлттық құндылықтар мен тәуелсіздік идеясын дәріптеуге арналды.