❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«ЖАСЫЛ ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ ЖӘНЕ STEM БІЛІМ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТТІ

  • 23.10.2026
  • KZ
  • 56

image
Университетімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Жасыл Қазақстан: жаңартылатын энергия және STEM білім» атты ғылыми семинар өтті.
Негізгі мақсат – университетте жасыл энергетиканың бағыттарын білім беру процесіне толықтай енгізу. Сондай-ақ, баламалы энергетика мен автоматтандырылған ақпараттық жүйелер саласы бойынша білікті мамандар даярлау. Білімгерлердің ізденістерін халықаралық деңгейде дамыту.
Жиынды Жаратылыстану ғылымдары факультеті, «Физика» кафедрасы мен «STEM PARK» орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Семинарға Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Раушан Нұрділләева бастаған оқытушылар мен STEM PARK қызметкерлері қатысты.
Жиында алғаш сөз бастаған Физика кафедрасының доценті PhD, қауымдастырылған профессор Шерзод Раманкулов 2023 жылғы 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауындағы энергия үнемдеу және жасыл экономикаға өту тапсырмаларына тоқталды. Оның айтуынша, заңнамаға сәйкес елімізде энергия шығынын 15%-ға азайту және жаңартылатын қуат көздерін дамыту – басты міндет.
Ғалым өз сөзінде: «Университетіміз осы мемлекеттік бастамаларды іске асырушы мекемелердің бірі ретінде 2024 жылы арнайы гранттық жоба жеңіп алды. Жоба аясында күн және жел энергетикасы саласында ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, докторанттар диссертацияларын сәтті қорғады. Сапалы оқу құралдары мен монографиялар жарық көрді»,-деді.
Келесі кезекте, докторант, кіші ғылыми қызметкер Нұрқожа Жақсылық жаһандық жылыну, мұздықтардың еруі және ауа райының күрт өзгеруі сияқты экологиялық апаттардың алдын алуда күн мен жел энергетикасын өндіріске енгізудің маңызы жөнінде айтты.
Жас зерттеуші осы өзекті мәселенің алдын алудағы жасыл энергетиканың рөлін, Түркістан өңіріндегі күн сәулесі белсенділігінің негізгі көрсеткіштері (GTI, DNI, GHI) мен күн ресурсын Global Solar Atlas халықаралық платформасы арқылы бағалаудың 5 қадамдық әдісіне тоқталды.
Сонымен қатар, «STEM PARK» орталығындағы барлық қондырғылар мен стендтер білім беру процесіне енгізуге және жаңартылатын электр энергиясын өндіруге бағытталғаны туралы ақпарат берді.
Бұған қоса, білім алушылар стендтер арқылы күн энергетикасының зерттелуін, панельдерді тізбектей және параллель жалғау әдістерін, жел күші мен жылдамдығының энергия өндірісіне әсерін тәжірибе жүзінде үйренетінін жеткізді.
Семинар барысында «Оқыту», «Зерттеу» және «Ынтымақтастық» бағыттары бойынша станция деректерін ғылыми мақсатта пайдалану, SOLARMAN бағдарламасымен жұмыс және өндірісті болжау мәселелері талқыланды.
Жиын соңында қатысушылар «STEM PARK» орталығына барып, қондырғылардың жұмысымен танысты.
Айта кетейік, орталықтың базасындағы «Жел энергетикасына арналған оқу-жаттығу құралы», «Жел энергиясының физикалық сипаттамаларын оқу-зерттеу стенді» және «Күн элементтерінің электрлік жалғану түрлерін зерттеуге арналған модульдік оқу-жаттығу стенді» сияқты инновациялық макеттерге патент берілген.
Осылайша, орталық қызметкерлері қатысушылар назарына STEM PARK-та жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобаларды ұсынды. Жауапты мамандар PASCO және Vernier цифрлық датчиктері арқылы өлшеу деректерін жинау мен өңдеу ерекшеліктерін түсіндірді. Сондай-ақ, қолданбалы ғылымның оқу ордамыздың халықаралық деңгейде дамуындағы маңызын атап өтті.