❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ЖАНАР ТЕМІРБЕКОВА АНКАРАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

  • 29.10.2026
  • KZ
  • 21

image

Университет ректоры Жанар Темірбекова Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммиті қарсаңында бірқатар маңызды кездесу өткізді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған  маңызды жиын алдында өзара келіссөз жүргізді. Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген. Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі ел арасындағы осындай берік байланыс білім мен ғылым, мәдениет пен руханият салаларындағы әріптестіктен де көрініс табады. Осы орайда университет ректоры Жанар Темірбекова оқу орнының көп жылдан бергі серіктесі – Юнус Эмре институтының президенті, профессор, доктор Селим Аргунмен кездесті.

Жүздесу барысында тараптар бұрыннан қалыптасқан ынтымақтастықты одан әрі өрістету, ортақ мәдени және ғылыми бастамаларды жүзеге асыру, сондай-ақ алдағы уақытта өтетін симпозиумдар аясында бірлесіп жұмыс істеу мәселелерін талқылады. Әсіресе ғылыми басқосулар арқылы академиялық байланысты жандандырып, екі ел арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты нығайтуға баса назар аударылды.

Кездесудің тағы бір жағымды жаңалығы – Селим Аргунның өзінің авторлық «Элиталық одақтар және билік желілері: Ғұламалар, қорлар және Осман мемлекеті (1789–1839)»кітабын ректорға сыйға тартты. Ол басылымды университет кітапханасына табыстауды сұрады.

Университетіміз бен Юнус Эмре институты арасындағы әріптестік түрік тілі мен мәдениетін насихаттауға, халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға және мәдениетаралық диалогты дамытуға бағытталған. Бүгінгі кездесуде бірлескен жобаларды туралы тың жоспарлар осы байланыстың аясын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Сапар барысында Жанар Темірбекова Түркияның Жоғары білім сапасы жөніндегі кеңесінің (YÖKAK) төрағасы, профессор, доктор Үміт Кожабычакпен де кездесті.

Кездесуде жоғары білім сапасын қамтамасыз ету, білім беру үдерісін жетілдіру және озық тәжірибелермен алмасу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ университеттің академиялық әлеуетін арттыру, білім беру саласындағы халықаралық байланыстарды дамыту және өзара тәжірибе алмасу мүмкіндіктері қарастырылды.

Ректор Жанар Темірбекова халықаралық серіктестермен өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту университеттің білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Университет басшысының Түркияға сапары аясындағы маңызды кездесулер әлі де жалғасады.