Бүгін университетімізде «35 жыл: дәстүр, даму, болашақ» тақырыбында ІІІ Түлектер форумы өтті. Жиынды оқу ордамыздың құрылғанына 35 жыл толуына орай Түлектер қауымдастығы арнайы ұйымдастырды.
Форумның мақсаты – университет түлектерін біріктіру, түлектер мен университет арасындағы байланысты нығайту және ұрпақтар сабақтастығын дамыту.
Шараның модераторы «Дара Медиа» компаниясының басшысы, 2011 жылғы түлек Рухабза Халдарбек болды.
Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор өкілі Пейами Баттал: «Осыдан 35 жыл бұрын құрылған Ахмет Ясауи университеті бүгінде Түркі әлеміне қызмет етіп, 27-ге жуық ел мен қауымдастықтан келген жастарға білім беріп келеді.
Университетіміздің басты ерекшелігі – Түркі дүниесінің жастарын бір шаңырақ астына біріктіріп, олардың төрт-бес жыл бойы бірге білім алып қана қоймай, өзара мәдени байланыс орнатып, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын танып-білуіне мүмкіндік беруі. Түлектеріміз оқуын аяқтап, өз елдеріне оралғанымен, осы жерде қалыптасқан достық байланыстарын үзбейді. Осы орайда университетіміз Түркі әлеміндегі мәдениеттердің өзара жақындасуына зор үлес қосып отыр.
Оқу ордамыздың тағы бір ерекшелігі – оның Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи есімімен тығыз байланысты болуы. Бұл тек атау ғана емес, ұлы ойшылдың хикметтерінен бастау алатын адамгершілік қағидаларын, адам мен қоғам туралы түсінігін бүкіл әлемге таныту міндеті. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи ілімінің өзегінде адам және адамгершілік құндылықтары тұр»,-деді.
Келесі кезекте, Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова: «Кез келген түлек өз университетімен, ал университет түлектерімен мақтана білуі керек. Әлемдегі беделді жоғары оқу орындарының жетістігі де олардың түлектерімен тығыз байланысты. Сондықтан бүгінгі форумға арнайы уақыт бөліп келген әрбір түлекке алғысымызды білдіреміз.
Түлектеріміздің кәсіби өсуі мен қоғамдағы орны университет үшін маңызды. Біз сіздермен үнемі байланыста болып, оқу ордамыздың дамуына қатысты ой-пікірлеріңізді білгіміз келеді. Себебі, университеттің дамуы үшін ашықтық пен адалдық маңызды.
Біз әрбір түлектің өз дипломын мақтанышпен алып жүруі үшін еңбек етіп келеміз. Баршаңызға табыс тілеймін!»,-деді.
Жиында сөз кезегін алған Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры, «Ясауи Эндаументі» қорының жетекшісі және құрылтайшысы Мәриям Асанова: « 1991 жылы негізі қаланған университетіміз тәуелсіз елімізбен бірге қалыптасып, аз уақыт ішінде Түркі дүниесінің жастарын бір шаңырақ астына біріктірген халықаралық білім ордасына айналды. Осы жолда университеттің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тұңғыш ректорымыз, академик Мұрат Жұрыновтың еңбегін ерекше атап өткім келеді.
35 жыл ішінде оқу ордамыздан 100 мыңға жуық түлек түлеп ұшты. Бүгінде олар түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Әр түлектің жетістігі – университетіміздің абыройы.
Түлек болу – диплом алумен ғана шектелмейді. Бұл – білім алған ортамен байланысты үзбей, кейінгі буынға қолдау көрсетіп, университеттің дамуына үлес қосу.
Сондай-ақ, «Ясауи Эндаумент» қорын дамытуға атсалысуымыз керек. Бұл – университеттің болашағына салынған инвестиция. Қорға қосылған әрбір үлес талантты студенттерді қолдауға, білім мен ғылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Біздің күшіміз – бірлікте және ортақ іске деген жанашырлықта. Бәрімізді бір шаңырақ астына біріктірген университетіміздің дамуына бірге үлес қосайық. 35 жылдық мерейтой құтты болсын! Алдағы белестеріміз бен жетістіктеріміз көп болсын!»,-деді.
Басқосуда Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов те ізгі тілегін жеткізді: «Университет – диплом беретін ұйым ғана емес, адам капиталын қалыптастырып, жаңа білім өндіретін және елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды институт. Ал оның шынайы жетістігі ең алдымен түлектерінің қоғамға қосқан үлесімен өлшенеді. Әр түлектің кәсіби жетістігі мен елге сіңірген еңбегі – өзі білім алған оқу орнының абыройы.
Бүгінде университетіміз Азияның үздік жоғары оқу орындары арасында 184-орынға көтеріліп, Қазақстанның үздік 10 университетінің қатарына енді. QS әлемдік рейтингінде де 761–770 орындарды иеленді. Бұл – білім сапасы, ғылыми ізденіс және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Біз университеттен түлеп ұшқанымызбен, оның тарихынан бөлініп кеткен жоқпыз. Әрқайсымыз өз еңбегімізбен осы тарихтың жалғасын жазып келеміз. Сондықтан, бүгінгі форум түлектер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, университеттің дамуына бағытталған нақты бастамаларға жол ашады. Біздің ортақ мақсатымыз – қара шаңырағымыздың мерейін арттырып, еліміздің және тұтас Түркі дүниесінің дамуына қызмет ету»,-деді.
Келесі кезекте, Түркістан облысы әкімінің орынбасары, 2005 жылғы түлек Ертай Алтаев бейнеқұттықтау жолдады. «Мен үшін университетімнің орны ерекше. 2005 жылы осы білім ордасын тәмамдап, кәсіби жолыма қадам бастым. 35 жыл ішінде университет білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосып, білікті мамандар даярлайтын беделді оқу орнына айналды. Бұл – университет ұжымының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Қара шаңырағымыздың мерейі үстем болып, абыройы асқақтай берсін! Барша ұстаздар мен түлектерге толағай табыс тілеймін!»,-деді ол.
Ал, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов: «Мен де осы университетті 2008 жылы тәмамдап, кәсіби жолымды бастадым. Бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрмін. Сондықтан, бұл оқу орнының мен үшін орны ерекше, университет түлегі болғанымды мақтан тұтамын.
Университетімізден түлеп ұшқан азаматтар бүгінде мемлекеттік басқару, ғылым, білім және басқа да салаларда табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Бұл – кезінде бізге білім мен тәрбие берген ұстаздарымыздың еңбегінің нәтижесі.
Бүгінде университетіміз халықаралық деңгейде дамып, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының қатарына еніп отыр. Қара шаңырағымыздың жетістіктері артып, алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектеспін»,-деді.
Айта кетейік, форум бағдарламасындағы маңызды бастамалардың бірі – «Ясауи Эндаументі» қорын қолдауға бағытталған «Бүгінгі үлес – болашаққа мүмкіндік!» қайырымдылық акциясы болды.
Форум одан әрі Пленарлық отырыспен жалғасты. Пленарлық отырыс барысында қатысушылар университеттің 1990 жылдардағы қалыптасу кезеңі, қазақ-түрік байланыстарын дамытудағы орны, алғашқы түлектердің білім ордасы тарихындағы рөлі және қазіргі миссиясы мен стратегиялық басымдықтары жайлы ой-пікірлерін бөлісті.
Шара «Ахмет Ясауи түлектері: дипломнан – қоғам алдындағы жауапкершілікке дейін» және «Ұрпақтар сабақтастығы: дәстүр, даму және болашақ» тақырыптарында панельдік сессияларға жалғасты. Кездесулерде түлектер мен студенттер тәжірибе алмасып, кәсіби байланыс орнату және университетпен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін ортаға салды.
Жиын «Ахмет Ясауи университетінің Үздік түлегі» номинациясы мен ректордың «Құрмет грамотасы» тапсыру рәсіміне жалғасты. Айтулы марапаттарға еліміздің дамуына үлес қосып, оқу орда атын асқақтатып жүрген үздік түлектер ие болды.
Форумның қорытынды бөлімі гала-концертке ұласты. Университет өнерпаздарымен қатар түлектер де өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Осылайша, университеттің мерейтойымен тұспа-тұс келген ІІІ Түлектер форумы оқу ордасының тарихын саралап қана қоймай, түлектердің ортақ мақсат жолында бірігуіне, тәжірибе алмасуына және университеттің болашақ дамуына үлес қосуына арналған маңызды алаңға айналды.