Оқу ордамызда «Қаржылық қауіпсіздік және кәсіби бағдар» тақырыбында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерімен кездесу өтті.
Жиынға Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев бастаған қызметкерлері мен университет ректоры Жанар Темірбекова және факультеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты.
Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова:« Университетіміз сапалы білім беру, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу және қоғамға пайдалы жұмыстар атқару бағытында үлкен жауапкершілікті мойнына алып, осы абыройлы міндетті 35 жылдан бері жүзеге асырып келеді.
Мемлекет пен қоғам дамуында маңызды рөл атқаратын салалардың бірі – құқық саласы. Сондықтан бүгінгі кездесуге Заң және Экономика факультеттерінің студенттерінің қатысуы орынды. Өйткені бұл екі сала өзара тығыз байланысты. Экономикалық қатынастардың дұрыс жүзеге асуы үшін қоғамда тәртіп болуы қажет. Ал сол тәртіпті қамтамасыз етуде құқық қорғау жүйесінің маңызы зор.
Қоғам өзгерген сайын құқық қорғау жүйесі де заман талабына сай дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси, конституциялық және әлеуметтік өзгерістер жүзеге асырылуда. Осы ретте «Заң мен тәртіп» концепциясының маңызы ерекше.
Биыл 18 жастан асқан студенттеріміз екі рет сайлауға қатысып, азаматтық белсенділіктерін танытты. Наурыз айында жаңа Конституцияны қабылдау бойынша дауыс берсе, тамыз айында Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты. Мұның барлығы қоғам өмірін реттеуге, ел болашағына қатысты шешімдерге азаматтардың қатысуына бағытталған »,-деді.
Келесі кезекте, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев: «Қаржылық мониторинг агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің қаржылық-экономикалық қауіпсіздігін қорғау, экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу және халықтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді. Бұл міндеттерді орындау үшін білімді, білікті әрі жауапкершілігі жоғары мамандар қажет. Сондықтан, университетпен бірлесе жұмыс істеп келеміз.
2024 жылы Агенттік төрағасының тапсырмасымен еліміздегі сегіз жоғары оқу орнында, соның ішінде осы білім ордасында да микробіліктілік бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама студенттерге тәжірибелі мамандардан дәріс алып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. 2025 жылы осы университеттің 8 студенті бағдарлама бойынша білім алса, бүгінде 13 студент оқып жатыр. Бағдарлама соңында қатысушылар сертификат алады.
Болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуді көздейтін студенттерді қазірден бастап білімдерін жетілдіріп, кәсіби біліктіліктерін арттыруға шақырамын»,-деді.
Сонымен қатар, Сабырғали Балғалиев ректор Жанар Темірбековаға арнайы алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
Жиын барысында Превенция және талдау әзірлемелері басқармасының басшысы Азамат Алтан университетпен бірлесіп әзірленген IT жобаларды таныстырып, олардың мүмкіндіктері мен қолданылу бағыттары туралы ақпарат берді.
Келесі кезекте, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай студенттерге қаржылық қауіпсіздік, дропперлік операциялардың қауіптері және алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары жөнінде түсіндірді.
Жастар ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Кездесу барысында студенттердің қатысуымен танымдық ойын ұйымдастырылып, белсенділік танытқан білім алушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға, экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы түсінігін кеңейтуге және кәсіби бағдар беруге бағытталды.