Оқу ордамызда 2026–2027 оқу жылындағы №3 Сенат мәжілісі өтті. Жиынға Сенат мүшелері, құрылымдық бөлім басшылары, оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Басқосу әдеттегідей университетіміздің оқытушы-профессорлар құрамын марапаттау және мерейтойларымен құттықтау рәсімінен бастау алды.
Университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пейами Баттал Зейнет Талханбаеваны 70 жас, Бейсенкүл Шырынбекованы 60 жас мерейтойларымен құттықтады.
Сонымен қатар, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегеновті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болуымен құттықтады.
2026 жылғы ұлттық тестілеуді ұйымдастыруға және өткізуге қосқан үлесі үшін Нұрбол Байбахов, Нұрдәулет Шектібаев және Құралай Қаржау ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының арнайы Алғыс хатына ие болды.
Келесі кезекте, 25 қазан – Республика күніне орай облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Гүлмира Өтепбергенова Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, 1 қазан – Қарттар күніне орай қала әкімінің атынан берілген Алғыс хаттар Забираш Әділбекова, Бекжігіт Сердәлі және Хазретәлі Тұрсынға табысталды.
Бұдан бөлек, Көпжасар Дүрменұлы, Бегзат Мырзабеков, Алтынбек Кенжалиев және Болат Өмірзақұлы университет атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Бұдан әрі күн тәртібіне сәйкес, 2026–2027 оқу жылына қабылданған магистранттар мен докторанттардың ғылыми диссертация тақырыптарын бекіту мәселесі қаралды. Сонымен қатар, жоғары оқу орнына дейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша қабылдау қорытындылары ұсынылды.
Мәжілісте университеттің ғылыми атақ алуға үміткерлерін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне ұсыну, университетте әзірленген оқулықтар, оқу құралдары мен монографияларды бекіту мәселелері де талқыланды.
Сондай-ақ, Сенат мүшелерінің құрамына толықтырулар енгізу, магистратураға қабылдау бойынша орын бөлу және университет Ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Мәжіліс қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.