❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ЭТНОСАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

  • 05.11.2026
  • KZ
  • 86

image

2026 жылғы 5 қараша күні Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Білім беру жүйесіндегі этносаралық ынтымақтастықты қалыптастыру жолдары» тақырыбында семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – білім беру ұйымдарында этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, жас ұрпақтың бойында өзге мәдениеттерге құрмет, отансүйгіштік және ортақ азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру жолдарын талқылау.

Семинарда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанәбіл Болат Серікұлы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушілері Сұлтанбек Мәлік Жұпанбекұлы мен Аңламасова Мақпал Қасымханқызы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценттері Бесбаев Мәди Әбзелбекұлы мен Сәулембаев Алтынбай Тағабайұлы баяндама жасады.

Баяндамаларда білім беру арқылы этносаралық татулықты нығайту, мәдени әралуандылықты құрметтеу, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін арттыру және педагогтердің тәрбие жұмысындағы маңызы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында толеранттылық мәдениетін қалыптастыру, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты дамыту мәселелері талқыланды.

Пікір алмасу барысында қатысушылар қоғамдық келісім құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ этносаралық ынтымақтастықты нығайтуда педагогтердің кәсіби жауапкершілігі мен тәрбиелік жұмыстың маңыздылығына назар аударылды.

Семинарды Түркістан облыстық Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Әмірбек Ерсұлтан жүргізді.

Жиын қорытындысында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің негізі отбасынан басталып, білім мен тәрбие арқылы нығаятыны айтылды. Әрбір этностың мәдениетін құрметтеу, ортақ құндылықтарды дәріптеу – ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықтың берік негізі екені тұжырымдалды.

Осындай ғылыми-әлеуметтік семинарлар білім беру саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуына, ғылыми көзқарастарды ортаға салуына және өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық, өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.