❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ACCESS БАҒДАРЛАМАСЫ: АҚШ БАС КОНСУЛЫ УНИВЕРСИТЕТІМІЗГЕ АРНАЙЫ САПАРМЕН КЕЛДІ

  • 05.11.2026
  • KZ
  • 24

image

Университетімізге АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфман English Access Scholarship Program (ACCESS) бағдарламасы аясында арнайы іссапармен келді.

Құрметті қонақты, ең алдымен, ректор Жанар Темірбекова қарсы алды.

Кездесу барысында ректор Бас консулға университетіміздің тарихы, ғылым мен білім саласындағы орны және жетістіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді. Сондай-ақ, оқу ордамызда студенттерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламалары, өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері мен өзге де бастамалар туралы баяндады.

Ал Бас консул Питер Кауфман Түркістан қаласына алғаш рет келгенін айтып, жылы қарсы алған университет басшылығы мен ұжымына алғысын білдірді.

Кездесу соңында қос тарап бір-біріне естелік сыйлықтар табыстады. Одан кейін ректор Бас консулға университет кампусын таныстырды. Қонақ Мәдениет орталығындағы Түркі халықтарының тарихы панорамалық мұражайын аралап, қазақ халқы мен түркі жұртына ортақ тарих туралы мәлімет алды.

Келесі кезекте, АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфман, ректор Жанар Темірбекова мен ACCESS бағдарламасын жүзеге асырушы серіктес Татьяна Летяйкина English Access Scholarship Program (ACCESS) бағдарламасына қатысушы студенттерімізбен басқосты.

Басты мақсат – ACCESS бағдарламасы аясындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, жастардың ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ бағдарлама қатысушыларының жетістіктерін атап өтіп, олардың білім алуға деген ынтасын қолдау.

Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Ең алдымен, университетімізде «English Access» білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен ынтымақтастығы үшін АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулдығына және бағдарламаның серіктесі – KazTEA ұйымына шынайы алғысымды білдіремін.

Біз Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы білім беру, жастарды дамыту және мәдениетаралық алмасу салаларындағы берік әріптестікті жоғары бағалаймыз.

Биыл университетіміз үшін маңызды кезең. Себебі, біз алғаш рет «English Access» бағдарламасын іске қосып отырмыз. Биылғы бағдарламаның басты ерекшелігі – оның жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерия және математика (STEM) бағытында білім алатын студенттерге ерекше назар аударуы.

Үш кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуден сүрінбей өткен 32 студент жалпы көлемі 360 академиялық сағатты құрайтын осы бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болды»,-деді.

Сондай-ақ, ректор студенттерді ағылшын тілін меңгеру арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға, халықаралық білім мен тәжірибе жинақтауға, кәсіби дағдыларын дамытуға және берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.

Айта кетейік, ACCESS бағдарламасы 2004 жылдан бері 85-тен астам елде, 200 мыңнан астам жасқа ағылшын тілін үйренуге және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп келеді. Бұл туралы Бас консул тілге тиек етіп, бағдарлама түлектері қазіргі таңда кәсіпкерлер, инженер мен ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер мен өз қауымдастықтарының көшбасшылары екенін айтты.

Бас консул өз сөзінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық қарым-қатынас пен білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызын да ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Түркістан қаласы мен Қожа Ахмет Ясауи университетінің тарихи әрі рухани маңызына тоқталып, оқу ордамызда Access бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік жасалғанына қуанышты екенін жеткізді.

«Ағылшын тілін үйренуге арналған Access стипендиялық бағдарламасы тек тіл меңгерумен шектелмейді. Ең бастысы – сол тілді пайдаланып, болашақта қандай істер атқарып, қандай жетістіктерге жететіндеріңіз маңызды.

Бұл бағдарлама сіздерден көп еңбек пен табандылықты талап етеді. Аптасына екі рет негізгі сабақтарыңызбен қатар уақыт бөліп, белсенділік танытып, өз мүмкіндіктеріңізді шыңдайсыздар.

Бұл серіктестік – Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы терең әрі нығайып келе жатқан достық қарым-қатынастың бір көрінісі. Бүгінде екі ел сауда, инвестиция, технология, энергетика және маңызды минералдық ресурстар салаларында тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Осындай дарынды жастардың болашағына инвестиция салып, оларға қолдау көрсетіп отырған ректор Жанар Темірбекова ханымға, KazTEA қауымдастығына, ұстаздар мен ата-аналарға алғысымды білдіремін!», – деді Питер Кауфман.

Жиын соңында Бас консул айтулы бағдарламаға қатысушы 32 студентке арнайы сертификаттар табыстап, олардың пікірлері мен әсерлерін тыңдап, естелікке суретке түсті.