СТРАТЕГИЯЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ЖӘНЕ МЕДИА МЕНЕДЖМЕНТ БОЙЫНША MINI MBA БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін оқу ордамыздың ұйымдастыруымен мекеме басшылары, медиа менеджерлер, журналистер, баспасөз хатшылары, PR, SMM және маркетинг мамандарына арналған «Mini MBA in Strategic Communications & Media Management» атты кәсіби білім беру бағдарламасы басталды.
Бағдарламаның басты мақсаты – стратегиялық коммуникация және медиаменеджмент саласында кәсіби құзыреттерді дамыту, ұйымның коммуникациялық стратегиясын әзірлеу, бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді жұмыс істеу және заманауи медианы басқару дағдыларын қалыптастыру.
Шараның ресми ашылуына университет ректоры Жанар Темірбекова мен Қаржы және халықаралық байланыс вице-ректоры Мұстафа Гиритлиоглу және университет оқытушылары, сондай-ақ, еліміздің түрлі ұйымдары мен мекемелерінен келген журналистер және PR мамандары қатысты.
Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова жаңа бағдарламаның университет үшін маңызына тоқталды.
«Бүгін университетіміз үшін жаңа жобаны бастап отырмыз. MBA – тек басқару дағдыларын үйрететін бағдарлама емес. Ол адамды, қоғамды және адамдар арасындағы қарым-қатынасты терең түсінуді талап етеді. Өйткені кез келген ұйымның ең құнды ресурсы – адам. Сондықтан адам ресурстарын тиімді басқару мен ғылыми зерттеулерге негізделген шешім қабылдаудың маңызы зор», – деді ректор.
Келесі кезекте, вице-ректор Мұстафа Гиритлиоглу :«Қазіргі таңда білімді үнемі жетілдіру, басқару дағдыларын дамыту және жаңашылдыққа ұмтылу – заман талабына айналды. Сондықтан MBA бағдарламасының маңызы артып келеді. Бұл бағыт тек журналистика саласы үшін ғана емес, медицинадан бастап өзге де көптеген сала үшін маңызды. Өйткені тиімді басқару дағдылары кез келген кәсіби бағытта қажет. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін!»,-деді.
«Mini MBA in Strategic Communications & Media Management» бағдарламасы алты айға жоспарланған және үш модульден тұрады. Оның алғашқы модулі – 6–8 қараша аралығында Түркістанда өтетін үш күндік Media Bootcamp.
Bootcamp аясында он бағыт бойынша дәрістер мен практикалық сабақтар ұйымдастырылады. Олар стратегиялық коммуникация негіздері, жобаларды басқару және аналитика, PR мен маркетинг аналитикасы, спичрайтинг, коммуникациядағы жасанды интеллект құралдары, дағдарыс кезіндегі коммуникация, медиа жобаларды басқару, медиа-аналитика, ұйым мен басшының имиджін қалыптастыру және коммуникациялық стратегия әзірлеу тақырыптарын қамтиды.
Сабақтарды стратегиялық коммуникация және маркетинг сарапшысы, АҚШ-тағы Northwestern University-дің коммуникациялар магистрі Бахыт Аманжолқызы мен журналист, медиа-менеджер және саясаттанушы, «Хабар» телеарнасының бас продюсері Нұрмұхамед Байғара жүргізеді.
«Медиа саласында сегіз жылға жуық еңбек еткеннен кейін коммуникация бағытына бет бұрдым. АҚШ-тағы Northwestern University университетінде магистратурада білім алып, коммуникация мен маркетинг саласының бизнес үшін ғана емес, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор үшін де маңызын түсіндім. Содан бері Қазақстанда және АҚШ-та жинақтаған кәсіби тәжірибемді бүгінгі курстағы теориялық біліммен ұштастырып, қатысушыларға бөлісуді мақсат етіп отырмыз. Бағдарлама аясында коммуникация, маркетинг және сату техникалары бойынша білім беріп, тәжірибе алмасамыз.
Бұл курстың ерекшелігі – әртүрлі саладан келген мамандардың өзара тәжірибе бөлісіп, жаңа білім алуына мүмкіндік жасау. Сондықтан сабақтардың ашық әрі еркін форматта өткенін қалаймын. Баршаңызбен бірге жұмыс істеуге қуаныштымын. Курс барысында белсенділік танытып, білім мен тәжірибені бірге толықтырамыз деп сенемін»,-деді тренер Бақыт Аманжолқызы.
Media Bootcamp соңында қатысушылар өз жобаларын қорғап, алған білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетеді. Бағдарлама кәсіби құзыреттерді дамытумен қатар, еліміздің әр өңірінен келген медиа және коммуникация мамандарының тәжірибе алмасуына, жаңа серіктестік байланыстар орнатуына мүмкіндік береді.