Оқу ордамызда Инженерия факультеті мен ALT UNIVERSITY Технологиялар мектебінің ұйымдастыруымен «AI DIALOGUE 2026» халықаралық онлайн диалогы аясында «Жасанды интеллект дәуірі: жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» тақырыбында кездесу өтті.
Аталған халықаралық диалог Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына, сондай-ақ, 10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технология қызметкерлері күні мен Дүниежүзілік ғылым күніне орай «Digital Qazaqstan Day – 2026» бірыңғай тұжырымдамасы аясында арнайы ұйымдастырылды.
Жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжанның жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, жасанды интеллекттің даму бағыттары мен жоғары білім беру жүйесіндегі мүмкіндіктерін талқылады.
Халықаралық жиынның басты мақсаты – әр елдің ғылыми тәжірибесін ортаға салып, жасанды интеллект саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылау және университеттер арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға негіз болатын жаңа бастамаларды қалыптастыру.
Іс-шара дәстүрлі ғылыми конференция форматынан өзгеше, еркін ғылыми пікір алмасу және ашық диалог түрінде өтті. Қатысушылар арнайы баяндама мен презентация ұсынбай-ақ, өз елдері мен университеттеріндегі жасанды интеллект саласының даму тәжірибесін бөлісіп, өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғады.
Диалог барысында жасанды интеллектті ұлттық деңгейде дамыту, университеттердің білім беру үдерісіне, ғылыми зерттеулеріне және басқару жүйесіне енгізу мәселелері жайында талқылады. Сонымен қатар, саладағы ғылыми жобалар мен инновациялық бастамалар, жасанды интеллектті қолданудың жаңа мүмкіндіктері мен ықтимал қауіп-қатерлері сөз болды. Қатысушылар алдағы 5-10 жылда жасанды интеллекттің жоғары білім беру жүйесіне, ғылыми зерттеулерге назар аударды.
Жиын барысында университеттер арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселесіне басымдық берілді. Қатысушылар жасанды интеллект саласындағы бірлескен ғылыми жобалар, халықаралық гранттар, академиялық ұтқырлық, жас ғалымдар мен докторанттардың өзара тәжірибе алмасуы бағытында пікір алмасты.
«Бес ел – бір диалог» ұранымен өткен халықаралық кездесу ғылыми тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды талқылауға және жасанды интеллект бағытындағы университетаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.