❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ X ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТТІ

  • 11.11.2026
  • KZ
  • 97

image
Елордада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайы өтті. Маңызды жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, мемлекеттік тілдің дамуы мен болашағына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Құрылтай жұмысына Түркістан облысынан қоғамның облыстық филиалының төрағасы Жанар Амангелдіқызы бастаған өңірлік делегация қатысты. Делегация құрамында университетіміз атынан Филология факультетінің деканы Абдулкадир Өзтүрік пен «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі Жазира Исаева да болды. 
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақ тілін Тәуелсіздіктің мызғымас символы, ұлттық бірегейліктің негізі және ел бірлігін нығайтатын басты құндылық ретінде атап өтті. Сонымен қатар қазақ тілінің ғылым, білім және технология салаларындағы қолданыс аясын кеңейту қажеттігіне тоқталды.
Президент қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру, архивтер мен кітапханалардағы рухани мұраны цифрландыру, қазақ тіліндегі ғылыми оқулықтар мен сапалы контентті көбейту, емле ережелері мен сөздіктерді біріздендіру жөнінде нақты міндеттер белгіледі. Сондай-ақ тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Оның қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктелетінін айтты.
Бұдан бөлек, қазақ тілінің халықаралық байланысын нығайту, көптілді сөздіктер әзірлеу, мемлекеттік тілді үйренуге арналған заманауи цифрлық құралдарды дамыту мәселелеріне назар аударды. Президент қазақ тілін дамыту өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмеуі керектігін айтып, мемлекеттік тілді бірлік пен ынтымақ тілі ретінде өркендетудің маңызын тілге тиек етті.
Қоғам төрағасы Рауан Кенжеханұлы өз баяндамасында тіл дамыту бағытындағы жобалар мен жетістіктерге тоқталып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде үш жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақ тілі – ғылым» халықаралық симпозиумының маңызын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова Қазақ тілінің ұлттық корпусы 200 миллион сөзқолданыстан асқанын және оның жасанды интеллектіні дамытудағы маңызын жеткізді.
Түркістан өңірінің делегациясы құрылтай барысында белгіленген стратегиялық міндеттерді қолдап, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілін ғылым мен білімнің және цифрлық технологиялардың тілі ретінде дамыту бағытындағы бастамаларды өңірлік деңгейде жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.