12 қараша күні Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Төлегенов Мұхит «Қожа Ахмет Ясауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыбында ғылыми семинар өткізді. Семинар барысында халқымыздың рухани өмірінен берік орын алған бесік жыры, шілдехана, қонақжайлық, ананы және қыз баланы құрметтеу секілді әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің, жоралғылар мен ырым-тыйымдардың мәні талқыланды. Олардың Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі имандылық, ізгілік, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, адамға қызмет ету және рухани тазалық қағидаларымен сабақтастығы жан-жақты қарастырылды.
Бесік жыры – ана мейірімі мен ізгі тілектің көрінісі болса, шілдехана – дүниеге келген сәбиді қуанышпен қарсы алып, оған ақ бата беру дәстүрі. Елге сыйлы, өнегелі адамның сәбидің аузына түкіруі оның бойына сол кісінің жақсы қасиеттері дарысын деген халық сенімінен бастау алады. Бұл туралы Қожа Ахмет Ясауи туралы аңыздарда да кеңінен көрініс тапқан. Бүгінге дейін жеткен көне хикая желісі бойынша, Әзірет Сұлтанға қонаққа келген Қызыр ата оның Сүлеймен есімді шәкіртінің зеректігіне разы болып, аузына түкіреді әрі "Хәкім" деген ат береді. Бұл жоралғы мың жылдан аса уақыт бойы қазақ даласында жасасып келеді. Ал қазақтың қонақжайлығы Ясауи дүниетанымындағы адамды құрметтеу, жолаушыға қызмет көрсету және бауырмалдық құндылықтарымен үндеседі. Қожа Ахмет Ясауидің "Тариқат әдебі туралы баян" деген еңбегінде меймандостық салты тариқаттың, яғни рухани жолдың басты міндеті ретінде бағаланады.
Сондай-ақ, семинарда ананы ардақтау мен қыз баланы құрметтеудің қоғамның рухани-адамгершілік негізін қалыптастырудағы маңызы сөз болды. Бұл құндылықтар Ясауи іліміндегі махаббат, әдеп, ар-ұят және адам қадірін жоғары қою ұстанымдарымен тығыз байланысты. Әзірет Сұлтанның шәкірттеріне:
Аналардың табаны - сегіз пейіш бағаны,
Кімдер оны сыйласа, разылығын табады.
Өтерсің сан сынақтан, жай аларсың жұмақтан,
Іс жасасаң сен егер, анаң сүйіп ұнатқан.
Ибалы қыз, жақсы ұлға, насихат сөз шашқын да.
Пейіш деген ананың табанының астында, - деп айтқан өсиетін білім алушылар зор ықыласпен тыңдады.
Семинар ұлттық салт-дәстүрлеріміздің тек тұрмыстық рәсімдер жиынтығы емес, ұрпақты ізгілікке, имандылыққа және адамгершілікке тәрбиелейтін терең рухани мұра екенін көрсетті. Ясауи ілімі мен қазақтың дәстүрлі дүниетанымы арасындағы осындай сабақтастықты зерделеп, арнайы талдау ұлттық құндылықтарымызды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы болмақ.