❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«ҮЗДІК СТУДЕНТ – 2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!

  • 16.11.2026
  • KZ
  • 405

image

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Үздік студент – 2026» республикалық байқауында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті, Тарих кафедрасының ГТА-412 тобының студенті Ақжігіт Арайлым Аманбекқызы жоғары жетістікке қол жеткізіп, І дәрежелі дипломмен және «Үздік студент» төсбелгісімен марапатталды!

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл байқау еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жүрген озат, дарынды, ізденімпаз әрі қоғамдық белсенді студенттердің жетістіктерін саралап, олардың білімге деген құштарлығын, шығармашылық қабілеті мен кәсіби әлеуетін насихаттауға бағытталған.

Студентіміз Астана қаласында өткен байқауға тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жораева Гүлжамал Төлегенқызының ғылыми жетекшілігімен қатысып, өзінің білім деңгейін, ізденімпаздығын, жауапкершілігі мен жан-жақты қабілетін жоғары деңгейде көрсете білді. Нәтижесінде республикалық байқаудың жеңімпазы атанып, университетіміздің абыройын асқақтатты.

Бұл марапат – студенттің білім жолындағы табанды еңбегінің, үздіксіз ізденісінің, мақсатқа деген ұмтылысының және ұстаз бен шәкірт арасындағы нәтижелі шығармашылық байланыстың жемісі. Сонымен қатар, мұндай жетістіктер жастардың ғылымға, білімге және қоғамдық өмірге деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақта білікті маман, ел дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуына серпін береді.

Білімді де талапты жастарды қолдау, олардың қабілетін шыңдап, жетістіктерін дәріптеу – университетіміздің басты бағыттарының бірі. Арайлымның бұл жеңісі факультетіміздің білім мен ғылым саласындағы жетістіктерінің жарқын көрінісі деп білеміз.

Жеңіс құтты болсын, Арайлым! Алдағы уақытта да білім мен ғылым жолында биік белестерді бағындырып, тың жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспіз! Ғылыми жетекшіңізге шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі мен кәсіби қолдауы үшін алғыс білдіреміз.

Университетіміздің мерейін үстем етер жеңістеріңіз көп болсын!