❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«35 жыл: Дәстүр, даму, болашақ» – Заң факультетінде ІІІ Түлектер кездесуі

  • 16.11.2026
  • KZ
  • 209

image

«35 жыл: Дәстүр, даму, болашақ» – Заң факультетінде ІІІ Түлектер кездесуі

2026 жылғы 30 қазан күні университетіміздің іргетасы қаланғанына 35 жыл толуына орай Заң факультетінде «35 жыл: Дәстүр, даму, болашақ» атты ІІІ Түлектер кездесуі жоғары деңгейде өтті.

Тағылымы мол, мазмұны терең кездесудің басты мақсаты – университет қабырғасынан түлеп ұшқан азаматтармен байланысты нығайту, олардың кәсіби жетістіктерін кейінгі буынға үлгі ету, тәжірибе алмасу және ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.

Кездесуге арнайы шақырылған қадірлі түлектеріміздің қатарында бүгінде Түркия Республикасында, атап айтқанда, Ыстанбұл және Анкара қалаларында адвокаттық қызмет атқарып жүрген заңгерлер, сондай-ақ Қазақстанда кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп жүрген азаматтар мен еліміздің бірнеше құқық қорғау органдарында қызмет атқарған тәжірибелі мамандар болды.

Қонақтарымыз студенттермен өздерінің кәсіби жолы, өмірлік тәжірибесі, заң саласындағы қызметі мен жеткен жетістіктері туралы ой бөлісіп, жастарға құнды кеңестерін ұсынды. Әсіресе, халықаралық деңгейде қызмет етіп жүрген түлектеріміздің жетістік жолы студенттер үшін үлкен мотивация мен шабыт сыйлады.

Осындай тағылымды жүздесулер – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, университеттің абыройын асқақтатып, жас ұрпақтың болашаққа деген сенімін нығайтатын маңызды басқосу.

Университет тарихы – оның қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді. Кеше студент болған жастар бүгінде ел дамуына үлес қосқан білікті мамандарға айналып, туған оқу орнына қайта оралуы – біз үшін үлкен мақтаныш!

Іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан:

* Алимбаева Ақтолқын Алмасхановна;
* Першеев Алишер Сапарбекович;
* Заң факультетінің белсенді студенттері.

Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан ұйымдастырушыларға, белсенді студенттерге және арнайы уақыт бөліп келген қадірлі түлектерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз!

Түлектеріміздің әрбір жетістігі – университет мерейі, әрбір белесі – кейінгі ұрпаққа өнеге. Білім ордасынан басталған тағдыр жолы әрдайым биік белестерге жетелей берсін!

35 жыл – тарихымыздың тағылымы, бүгініміздің мақтанышы, болашағымыздың бастауы!

Бір шаңырақ астында бас қосқан түлектеріміздің ынтымағы артып, университетіміздің мерейі үстем болсын!