❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«AI-СЕЙСЕНБІЛІК»: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АГЕНТТЕРІ МЕН ОЛАРДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

  • 17.11.2026
  • KZ
  • 145

image
Университетімізде «AI-Сейсенбілік» жобасы аясында жасанды интеллект агенттерінің жұмыс істеу мүмкіндіктері, оларды тиімді пайдалану және инженерия саласындағы жобалар бойынша кезекті кездесу өтті.
Айта кетейік, «AI-Сейсенбілік» – «Академиялық көшбасшылық» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған, факультет декандары, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері мен кураторлардың цифрлық құзыреттерін дамытуға арналған бес апталық практикалық марафон.
Жиынның алғашқы спикері «Компьютерлік инженерия» кафедрасының PhD, аға оқытушысы Ануарбек Аманов болды. Ол жасанды интеллект жұмысының негізгі ерекшеліктері мен оны қолдану кезінде ескерілетін мәселелер туралы баяндады. Атап айтқанда, нейрожелілердің жалған ақпарат ұсыну қаупі, деректер құпиялылығын сақтау, сұранысты дұрыс құрастыру және алынған жауаптардың нақтылығын тексеру бойынша кеңінен ақпарат берді.
Сонымен қатар, қатысушыларға тиімді промт жазудың төрт тәсілін таныстырып, жасанды интеллектке нақты рөл беру, жауап форматын белгілеу, үлгі ұсыну және тапсырманы кезең-кезеңімен орындату жолдарын көрсетті. Сондай-ақ, ЖИ-дің археология, өнер, биология, медицина және қаржы салаларында қолданылуы туралы сөз қозғады.
Кездесуде жасанды интеллектті қолданудағы сәтсіз тәжірибелер де назардан тыс қалмады. Спикер жалған ақпаратқа сүйенген жауаптар, ойдан құрастырылған сот істері және чат-ботқа берілген арнайы нұсқаулардың күтпеген нәтижелерін мысал ретінде көрсетті. Осы арқылы нейрожелі ұсынған кез келген ақпаратты тексерудің маңызын саралады.
Ал Инженерия факультетінің магистр оқытушысы Абен Арыпжан ЖИ агенттерінің жұмыс істеу ерекшеліктері мен факультетте жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Сонымен қатар, осы жобалар аясында әзірленіп жатқан ЖИ детекторларының қызметі туралы баяндады.
Осылайша, жиын қатысушылардың жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы білімін толықтырып, оны кәсіби қызметте тиімді, әрі жауапкершілікпен қолдану жолдарын кеңінен түсінуге мүмкіндік берді.