❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

  • 17.11.2026
  • KZ
  • 148

image
Оқу ордамызда 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай мерекелік концерт өтті.
 
Мәдениет орталығының «JARYQ» шығармашылық клубының ұйымдастыруымен өткен кешке университет ректоры Жанар Темірбекова мен Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов және оқытушылар мен студенттер қатысты.
 
Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Университетіміздің ең құнды байлығы – студенттеріміз. Қазіргі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған кезеңде университеттердің болашағына қатысты түрлі пікірлер айтылғанымен, мен университеттер классикалық қалпында сақталып, дами беретініне сенемін. Себебі университет – тек білім мен ғылым ордасы емес, бұл – достар табатын, өмірлік серігін кездестіретін, ұстаздармен бірге жылы естеліктер қалыптастыратын ерекше орта. Адам өміріндегі ең керемет эмоциялардың бірі студенттік шақпен байланысты.
 
Біз үшін студенттердің университетке қуана келуі, өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі маңызды. Осы мақсатта соңғы жылдары жатақханалардың жағдайын кезең-кезеңімен жақсартып, студенттерге қолайлы орта қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте университет ұжымы мен студенттердің ортақ жауапкершілігі маңызды. Сүйікті студенттер, мерекелеріңіз құтты болсын! Армандарыңыз орындалып, жетістіктеріңіз мол болсын!» – деді ректор.
 
Мерекелік концерт барысында Өнер, медиа және дизайн факультетінің «Музыкалық білім» және «Дәстүрлі музыка өнері» білім беру бағдарламаларының студенттерінен құралған хор ұжымы мен «JARYQ» шығармашылық клубының вокалды-аспаптық ансамблі әсем әуендерін ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, кеш барысында өнерпаздар бірнеше қойылымдарды сахналады.
 
Халықаралық студенттер күні – студенттердің білімге деген ынтасын, шығармашылық әлеуеті мен белсенді өмір салтын дәріптейтін ерекше мереке. Оқу ордамызда өткен мерекелік концерт айтулы күннің мәнін айшықтай түсті.