❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТЕРДІҢ III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫНДА

  • 18.11.2026
  • KZ
  • 27

image

Астанада халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі орнын нығайтуға арналған Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумы басталды. Айтулы жиынға ректор Жанар  Темірбекова мен Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова қатысты.

Іс-шараға қатысушылар қатарында қазақстандық және шетелдік университеттердің, халықаралық және ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, аккредиттеу агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың және өндірістік серіктестердің 400-ден астам өкілі бар.

Айта кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылдан бастап жыл сайын өткізіп келе жатқан форум жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық академиялық өзара іс-қимылды нығайтуға, қазақстандық және жетекші шетелдік университеттер арасында стратегиялық серіктестік орнатуға арналған халықаралық алаңға айналды.

Басты мақсат – халықаралық академиялық диалог пен қол жеткізілген уағдаластықтарды жоғары білім сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті дамытуға, инновацияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған нақты бірлескен бастамаларды іске асырумен ұштастыру.

Форумның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, еліміздің жоғары білім, ғылым және инновация салаларындағы жетістіктері мен алдағы басымдықтарын таныстырды. Министр халықаралық серіктестікті кеңейту, шетелдік студенттерді тарту, академиялық ұтқырлықты дамыту және университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру мәселелеріне тоқталды.


Бағдарлама аясында «Трансұлттық білім беру және университеттердің халықаралық филиалдары: Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында панельдік сессия өтіп, Coursera Future Talks алаңында цифрлық оқыту тәжірибесі мен халықаралық білім беру платформаларының мүмкіндіктері қарастырылды. 
Осы тұста Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова Coursera платформасының білім беру процесіндегі  мүмкіндіктері мен оны қолдану тәжірибесі туралы баяндама оқыды.

Жиын барысында Coursera Qazaqstan Excellence Awards марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, цифрлық оқытуды дамытуға үлес қосқан жоғары оқу орындары мен жекелеген қатысушылар марапатталды. Марапат иегерлері қатарында университет ректоры Жанар Темірбекова да бар.

Бағдарламаның маңызды бөлігі қазақстандық жоғары оқу орындары, шетелдік университеттер мен ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қою және алмасу рәсімі болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар қос дипломды бағдарламаларды, академиялық алмасуды және бірлескен білім беру бастамаларын дамытуға бағытталды.

Алдағы уақытта форум аясында трансұлттық білім беру, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметі, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамалары, академиялық ұтқырлық, сондай-ақ білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қарастырылады.