«ӘЗІРБАЙЖАН ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ: ШЫҒЫСТАҒЫ АЛҒАШҚЫ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКА ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ



2026 жылғы 19 қарашада Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетіне қарасты Тарих кафедрасының ұйымдастыруымен «Әзірбайжан Халық Республикасы: Шығыстағы алғашқы демократиялық республика және оның тарихи маңызы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Ғылыми-танымдық іс-шараға Орхун академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында академиялық сапармен келген Мингячевир мемлекеттік университетінің тарих ғылымдары бойынша философия докторы, доценті Вусала Мовлаева арнайы шақырылған спикер ретінде қатысты. Ол факультет оқытушыларына, докторанттарына, магистранттары мен студенттеріне мазмұнды баяндама жасады.
Дөңгелек үстел барысында Әзірбайжан Халық Республикасының құрылу тарихы, оның қалыптасуының тарихи-саяси алғышарттары, мемлекеттік басқару жүйесі, демократиялық даму жолындағы ерекшеліктері және Шығыс елдерінің тарихындағы орны кеңінен талқыланды.
Спикер өз баяндамасында 1918 жылы құрылған Әзірбайжан Халық Республикасының мұсылман Шығысындағы алғашқы демократиялық республика ретіндегі тарихи маңызын атап өтіп, оның мемлекеттік тәуелсіздік, ұлттық бірегейлік және демократиялық құндылықтарды қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Іс-шара барысында қатысушылар тақырып аясында өз ой-пікірлерімен бөлісіп, тарихи деректер мен ғылыми тұжырымдар негізінде пікір алмасты. Сонымен қатар студенттер мен жас зерттеушілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, спикермен мазмұнды ғылыми пікірталас жүргізді.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – білім алушылардың тарихи танымын кеңейту, Әзірбайжан тарихына қатысты ғылыми білімдерін тереңдету, халықаралық академиялық байланысты нығайту және жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне серпін беру.
Орхун академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы мұндай кездесулер отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және білім алушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.