❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
P

«CYBER SAFE AYU 2026»: ЦИФРЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА

  • 19.11.2026
  • KZ
  • 58

image
Университетімізде «CYBER SAFE AYU 2026» тақырыбында студенттерге арналған ақпараттық-түсіндіру кездесулері басталды.
 
Басты мақсат – студенттердің киберқауіпсіздік саласындағы сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігінде кездесетін қауіп-қатерлерден сақтану жолдарын түсіндіру және цифрлық ортада жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру.
Алғашқы кездесуде Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ерболат Тұрсынбек студенттерге цифрлық қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша жан-жақты ақпарат берді.
 
Атап айтқанда, спикер интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталып, фишингтік хабарламалар мен күмәнді сілтемелерді анықтау жолдарын түсіндірді. Жалған шәкіртақы туралы хабарламалар, алдын ала төлем талап ететін жұмыс ұсыныстары және банк қызметкері ретінде хабарласатын алаяқтардың әрекеттерін нақты мысалдар арқылы көрсетті.
 
Сонымен қатар, жиында дербес деректерді қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Ерболат Тұрсынбек студенттерге жеке сәйкестендіру нөмірін, жеке куәлік фотосын, банк деректемелерін, құпиясөздер мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу керек екенін түсіндірді. Аккаунттардың қауіпсіздігін күшейту үшін күрделі құпиясөздерді пайдалану, оларды қайталамау және екі факторлы аутентификацияны қосу жөнінде ұсыныстар айтты.
 
Кездесу барысында әлеуметтік желілер мен қоғамдық Wi-Fi желілерін қауіпсіз пайдалану, кибербуллингтің алдын алу және мұндай жағдайларға тап болған кезде дұрыс әрекет ету жолдарын да қамтыды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект мүмкіндіктерінің кеңеюіне байланысты пайда болған дипфейк пен жалған ақпаратты ажырату мәселесі қозғалды. Спикер таныс адамның дауысына ұқсас аудиохабарламаларға бірден сеніп, ақша аударуға асықпаған жөн екенін ескертті.
 
Сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын пайдалану кезінде құпия ақпаратты қорғау, алынған мәліметтердің дұрыстығын тексеру және цифрлық технологияларды жауапкершілікпен пайдалану жөнінде ұсыныстар берілді.
 
Кездесу соңында студенттерге цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін таныстырды.
 
Университеттің цифрлық қызметтеріне қатысты күмәнді жағдайлар туындаған кезде студенттер Ақпараттық технологиялар департаментіне support.ayu.edu.kz сайты арқылы хабарласып, киберқауіпсіздік жөнінде кеңес ала алады.
 
Ал кездесулер 23-қарашаға дейін жалғасады.