«БУЛЛИНГСІЗ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – ОРТАҚ МІНДЕТІМІЗ» ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ ТӘРБИЕ САҒАТЫ ӨТТІ
ГПП-411 тобының ұйымдастыруымен, топ тәлімгері, аға оқытушы, ХҚТУ доценті Ж.Қ. Дүйсенованың жетекшілігімен
2026 жылғы 19 қарашада сағат 11:30-да Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультетіне қарасты Педагогика және психология кафедрасының Психология (IP) білім беру бағдарламасы ГПП-411 тобы білімгерлерінің ұйымдастыруымен №3 ғимараттың 234-аудиториясында «Буллингсіз қоғам қалыптастыру – ортақ міндетіміз» атты ашық тәрбие сағаты өтті.
Ашық тәрбие сағатының негізгі мақсаты – білім алушылар арасында буллингтің алдын алу, оның түрлері мен зардаптары туралы түсінік қалыптастыру, өзара сыйластық пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ әрбір адамның қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне жауапкершілікпен қарауға шақыру болды.
Тәрбие сағатына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, Педагогика және психология кафедрасының оқытушылары, факультет білімгерлері және ГПП-411 тобының студенттері қатысты.
Ашық тәрбие сағаты тақырыпқа сай дайындалған мазмұнды кіріспемен басталды. Жүргізушілер буллинг ұғымының мәнін ашып, оның қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екеніне тоқталды. Келесі кезекте буллингтің негізгі түрлері, оның жеке тұлғаның психологиялық жағдайына, өзіндік бағалауына және әлеуметтік қарым-қатынасына тигізетін кері әсерлері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар буллинг пен қарапайым келіспеушіліктің айырмашылығы түсіндіріліп, мұндай жағдайлардың алдын алуда әр адамның рөлі ерекше екені атап өтілді.
Тәрбие сағаты барысында тақырыпқа байланысты бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға ой салатын жағдаяттар ұсынылды. Студенттер өз пікірлерімен бөлісіп, буллинг жағдайында қандай әрекет жасау керектігі жөнінде ой қозғады. Әсіресе, жәбір көрген адамға қолдау көрсету, бейжай қалмау, өзгелердің ар-намысы мен жеке шекарасын құрметтеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Келесі кезекте қатысушылардың белсенділігін арттыру мақсатында психологиялық жаттығулар мен интерактивті тапсырмалар ұйымдастырылды. Тапсырмалар арқылы студенттер бір-біріне жылы сөз айтып, қолдау білдірудің, өзара түсіністік пен мейірімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын сезінді. Сонымен қатар буллингтің алдын алу тек бір адамның немесе белгілі бір ұйымның міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені кеңінен түсіндірілді.
Ашық тәрбие сағатының қорытынды бөлімінде қатысушылар өз ойларын ортаға салып, буллингсіз қоғам қалыптастыру үшін әр адам құрмет, мейірімділік, жауапкершілік және жанашырлық қағидаларын ұстануы қажет деген ортақ тұжырымға келді. Іс-шара барысында «Бір-бірімізді кемсітпейік, керісінше қолдай білейік!» деген маңызды үндеу айтылып, барша қатысушылар буллингке қарсы белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырылды.
Ашық тәрбие сағаты мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтті. Іс-шара студенттердің буллинг туралы білімдерін кеңейтіп қана қоймай, өзара сыйластықты нығайтуға, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін бағалауға және қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызын түсінуге ықпал етті.